«Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңі аяқталып, еліміздің Конституция күні мерекесі қарсаңында ақтық мәреге жеткен отбасыларға құрмет көрсетілді. Жүзден жүйрік шыққан әулет өкілдері финалдық кезеңде бас қосып, отбасы иинститутындағы басты құндылықтар, әкенің рөлі, ананың орны, баланың міндеті туралы өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Байқау биыл мамыр айында жарияланып, аудандық және қалалық кезеңдерде ең мықтылары іріктелді. Барлығы 26 өтінім түсіп, оның ішінде 13 отбасы ақтық мәреге жолдама алған. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысты.
— Отбасының құндылығын қалып-тастыру, отбасының тұрақтылығын нығайту — болашағымыздың негізгі тіректерінің бірі. Дана халқымыз: «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Бүгін бір отбасы ғана жеңімпаз болады деген түсінік жоқ. Аудандық және қалалық кезеңдерден үздік шыққан әулеттердің қай-қайсысы да — ел мерейін асырып жүрген үлгілі және мерейлі отбасылар. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Отбасылық татулықтарыңыз берік, мерейлеріңіз үстем болсын, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Байқау қорытындысы бойынша ақтоғайлық Теміровтер отбасы жеңіс тұғырынан көрініп, респуб-ликалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болды. Бұл әулеттің үлкені де, кішісі де білім саласында еңбек ететін ұстаздар әулеті болып саналады. Шаңырақ иесі — Рысбек Теміров пен Шолпан Байділдина және олардың ұлдары мен келіндері, қыздары мен күйеу балаларының барлығы ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Нұрболат Теміров. Ол бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
— «Мерейлі отбасы» сынды отбасылық байқаулардың бүгінгі қоғамға берері мол. Себебі, осы жоба арқылы әр өңірдегі ең үлгілі, тәрбиелі, тәлімді жанұяларды ортаға шығарып, солардың жүріп өткен жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде көрсетіп жатыр. Осындай тамаша отбасыларды, өнегелі әке мен ананы, тәрбиелі ұл мен қызды көрген кейінгі жастар да сондай болуға тырысады. Жалпы, мерейлі отбасы деп нені айтуға болады?! Менің ойымша, отбасындағы әкенің рөлі мен ананың орны айқындалса, жанұяда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілсе, әулетте барлық дәстүрлер өз ретімен қалыптасса және кез келген жағдайда бір-бірін қолдай алса, бұл мерейлі отбасының шынайы көрінісі болмақ. Биыл бізге де осы байқауға қатысып, бағымызды сынау сәті бұйырды және жеңіс тұғырынан көріндік. Барша ұйымдастырушыларға әулетіміздің атынан алғыс білдіремін, — деді әулеттің ұлы Нұрболат Теміров.
Екінші орынға Павлодар ауданы атынан қатысқан Әпеш әулеті ие болды. Олар мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, қымыз және сүт өнімдерін өңдеу, тігін тігу және басқа да ұлттық қолөнермен шұғылданумен ерекшеленеді. Ал үшінші орын Май ауданынан келген Адамжановтар әулетіне бұйырды. Бұл отбасының өкілдері бір емес, бірнеше мамандықтың тізгінін ұстаған. Бұл жанұяда азаматтық қорғаныс, білім беру және спорт саласының өкілдері бар. Соның ішінде спорт саласындағы жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Сонымен қатар, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаттарына да айрықша құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат табысталды.
Іс-шара барысында өңіріміздің бұқаралық ақпарат құрал-дары саласында табысты қызмет атқарып жүрген журналистер де марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» Павлодар облыстық филиалына қарасты «Ардагер-ветеран» газетінің редакторы Ләззат Жүнісбекова «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің шығарушы редакторы Ақбота Сейсенбаева «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
Тілеуберді САХАБА.