Ұлағат пен үлгі

Нау 7, 2025

Биыл облысымызда Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі өзгеше бағытта аталып өтпек. Қасиетті Рамазан айының осы мейрамға дөп келуіне орай облыс орталығында күндізгі және кешкі бағдарламалар ұйымдастырылады. Яғни, Ораза ұстаған жамағат та ауызашардан кейін Наурыз мерекесіне арналған кешті тамашалай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Наурыз мерекесіне орай аймағымызға қарасты қала-ауылдарда екі мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Ал халық саны көп Павлодар қаласында биыл алғаш рет кешкі мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылмақ.

— Айтулы мейрам кезінде көпшілік Ораза ұстап жүреді. Сол себепті күндіз және ауызашардан кейін, яғни кешкі уақытта да тұрғындарға мерекелік бағдарлама ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл шараларға елімізге танымал эстрада жұлдыздары келіп, өз өнерлерін көрсететін болады. Әзірге әнші Tұрар Ыдырыспен келіссөз жүргізілді. Басқа әншілермен сөйлесудеміз, — деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева. Орталық алаңда 10 тақырыптық киіз үй тігіледі. Олардың әрқайсысы осы жылы мерейтойы аталып өтілетін танымал тұлғаларға арналып безендіріледі. Сондай-ақ, мерекеге жиналған қауым ұлттық тағамдардан ауыз тиеді.

Ал аймақ бойынша 151 ақшаңқан киіз үй тігілмек. Ұлттық мерекені ұлықтауға этномәдени бірлестіктер, қоғамдық қорлар, ардагерлер мен жастар ұйымдары, басқа да мекеме өкілдері жаппай қатысады.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов былтырдан бастап Наурыз мерекесінің мазмұны ұлттық идеологиямен ұштасып, жаңа форматта тойланатынын атап өтті. Оның айтуынша, енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі жарияланып, оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналмақ.

— Атап айтқанда, 14 наурыз  – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Бұл күн қонақ күту және қонаққа бару, жақын туыстармен, көршілермен, әулет ақсақалдарымен жүздесу уақыты болып саналады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Осы күн қайырымдылық, мейірімділік және көршілік қарым-қатынасты нығайтуға арналмақ. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Яғни, мәдениет, өнер және ұлттық құндылықтар дәріптеледі. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні отбасылық құндылықтар насихатталатын болады. 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай, ұлттық киімдерді кеңінен дәріптеу, сән көрсетілімдері мен фестивальдар өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. 19 наурыз – Жаңару күні. Естеріңізде болса, 2019 жылы бұл күн елдің жаңа тарихындағы бетбұрыс кезеңіне айналды, мемлекеттің және қоғамның түбегейлі жаңғыруы басталды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар мен турнирлер өткізіледі.
21 наурыз – Ынтымақ күні халық бір-біріне мерекелік тілектер мен құттықтауларын арнайтын эстафета өтеді. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні мерекелік көңіл-күйді қалыптастыру үшін кең көлемді іс-шаралар қолға алынады. 23 наурыз –
Тазару күні. «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні ұлттың жаңа жылға жаңа қадам жасаудың көрінісі ретінде бүкіл халықтық экологиялық акция бастау алмақ, — деп мәлімдеді Әлнұр Сейдуманов.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова онкүндік аясында өңірдегі мәдениет мекемелерінде түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.

Онкүндік аясында өтетін іс-шаралар:

14 наурыз — «Көрісу күні – Амал мерекесі»

Облыстық «Шаңырақ» орталығында «Амал келді – Жыл келді» мерекелік  іс-шара;

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты кітап көрмесі;

Иса Байзақов атындағы филармония-
ның концерттік залында «Көрісу күні – Амал мерекесі» симфониялық оркестр мен «Лад» ансамблінің қатысумен «Көрісу» рәсімінің видео түсірілімі;

Шафер музей үйінде «Көрісу күні — Амал мерекесі» іс-шарасы;

Павлодар қаласындағы Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында Наурыз мейрамының ұлттық кино апта-лығы аясында балаларға арналған «Менің атым Қожа» кинофильмінің мерекелік көрсетілімі;

 

15 наурыз – Қайырымдылық күні

И.Байзақов атындағы облыстық филармония мен Павлодар қаласының балалар үйінде камералық хордың қайырымдылық концерті;

«Шаңырақ» орталығы мен Павлодар қаласының ардагерлер үйінде «Қарт-тарым асыл — қазынам» мерекелік концерті;

С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Киізден, жүннен қуыршақтар, ойыншықтар жасаймыз» атты шеберлік сағаты;

 

16 наурыз –  Ұлттық салт-дәстүр  күні

«Шаңырақ» орталығында «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» атты тәрбие сағаты;

Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде «Қазақтың салт-дәстүрлері» дәрісі;

Қалалар мен аудандарда рәсімдер мен дәстүрлер көрсетілімі өтеді.

 

17 наурыз –  Шаңырақ күні

Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшілердің «Наурыз» мейрамына орай ұйымдастырылған  көрмесі;

Павел Васильев музей-үйінде «Наурыз туралы өлеңмен сөйлейміз» өлеңдер жинағы көрмесі;

Павлодар қаласындағы Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Алтын жас» ретро-клубымен кездесу;

 

18 наурыз —  Ұлттық киім күні

«Шаңырақ» облыстық орталығында Ұлттық киім күніне арналған сән үлгілері көрсетілімі;

Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Ұлттық әшекей-бұйымдар тақырыбында
дәріс;

Шафер музей-үйінің концерттік залында «Қазақ әйелдерінің бас киімі —
кимешек» атты шара;

 

19 наурыз –  Жаңару күні

Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде ұлттық әшекей бұйымдар тақырыбында дәріс;

Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық киім-ұлт бейнесі» этнографиялық сабағы;

Қалалар мен аудандарда көрсетілім, байқау, дефиле, челлендж өтеді.

 

20 наурыз –  Ұлттық спорт күндері

Павлодар облысының мәдениет және спорт мекемелерінде ұлттық спорт күніне орай асық ату, тоғыз құмалақ, садақ ату және т.б. жарыс- тар  ұйымдастырылады.

 

21 наурыз –  Ынтымақ

Қалалар мен аудандардың мәдениет орындарында кездесулер, дөңгелек үстел шаралары, құттықтау бейнероликтер, мерекелік кештер ұйымдастырылады.

 

22 наурыз – Жыл басы

Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік концерт;

Филармонияның концерттік залында Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Қош келдің, әз Наурыз!» атты концерті;

«Batyr mall» сауда-ойын сауық орталығында «Шаңырақ» орталығы әртістерінің концерті;

Облысқа қарасты қала мен аудан орталықтарындағы алаңдарда Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз-думан!» атты көпшілікке арналған мәдени іс-шаралар;

 

23 наурыз – Тазару күні

Павлодар облысының елді мекен-дерінде «Тазалық эстафетасы», «Жаппай сенбілік», «Таза аула» деген атаумен эстафеталар, сенбіліктер ұйымдастырылады.

Мереке қарсаңында және мейрам күндері облысымыздың сауда кешен-дерінде, қызмет көрсету мекеме-
лерінде, сауда-ойын сауық орталық-тарында, дүкендерде облыс тұрғындары үшін түрлі акциялар өтіп, тауарларға жеңілдіктер жасалады.

Нұржайна ШОДЫР.