Жақында Успен ауылында Алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Ілияс Жанқараұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Тарих және тұлға» атты ауқымды іс-шара өтті. Шара барысында аудандық мұражайда тарихи тұлғаға арналған бұрыш ашылып, көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тұғыры биік тұлғаның мерейтойы аудандық мәдениет үйінде ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.

Айта кетейік, Ілияс Жанқараұлы — ХІХ ғасырда өмір сүрген Уақ руының белді өкілі Жанқара Жантөбетовтің 18 ұлының бірі. Жаста-йынан аса зерек, ел ісіне араласуға бейім болып өскен Ілияс Жанқараұлы Баянауылда атақты Қамариден хазіреттен сауат ашып, 16 жасында Самарқандағы Шердор медресесіне барып оқыған. Кейін Петерборда білімін орысша жетілдірген. Ана тілінен бөлек, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген екен. Жанқара ұрпағының жазғы жайлауы — қазіргі Успен ауданы, қыстауы – Тереңкөл ауданы, Байқоныс елді мекені болыпты. Өмірінің соңғы екі жылында Баянауыл өңірінде тұрақтап, Шормановтар әулетімен тұрақты байланыста болған деген де дерек бар. Ілияс Жанқараұлы болыс болған шағында Алаш зиялыларына қолдау көрсетіп, еңселі ерлермен бірге ұлт мүддесі жолында ерен еңбек еткен.

Ел үшін қызмет атқарған осындай азаматты еске алуға жиналған жұрт алдымен Ілияс Жанқараұлының қабіріне зиярат ете барып, дұға бағыштап қайтты.

Аталмыш басқосуға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, бұл өткен екі ғасырдың тоғысында қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының мүддесі үшін ғұмыр кешкен белгілі қайраткердің мерейтойы ғана емес, ел тарихындағы елеулі күн екенін еске салды. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның атаулы датасына орай ұйымдастырылған ғылыми-танымдық конференцияға қатысушы Ілияс Жанқараұлының ұрпақтарына шапан жауып, ілтипат білдірді.

Өз кезегінде аудан әкімі Нұрболат Мақашев мерейтой аясында Ілияс Жанқараұлының басына белгітас орнатылып, тұлғаның мәңгілік орын тепкен жері айырықша назарға алынғанын жеткізді. Айтуынша, алдағы уақытта да ұрпақтар сабақтастығын айғақтайтын айшықты орын ретінде бұл жерде абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ілияс Жанқараұлының мазары Успен ауданынан 75 шақырым жерде орналасқан.

Танымдық іс-шара барысында аудандық музейде тарихи тұлғаның құрметіне арналған бұрыш ашылды. Мұражай сөрелерінде «Ілияс Жанқараұлы – Алаш ардақтысы», «Алаш қайраткерлері — азат елдің белгісі», «Ауданның құрылу тарихы» атты көрмелер ұйымдастырылып, музей қоры құнды деректермен толықты. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, ардагер журналист Шолпан Байғалы Ілияс Жанқараұлы жайлы оның ұрпақтарымен өткізген сұхбаттар мен танымдық мақалалар жинағын тарту етті. Сондай-ақ, жиын барысында жергілікті өлкетанушы Дәурен Аяшинов құрастырған «Жанқара ұрпақтары: Ілияс пен Құсайын» атты кітабының тұсауы кесіліп, музейдегі құнды жәдігерлермен бірге жарқырай түсті. Кітап «Ергенекті-Уақ руының тарихы», «Уақ», «Жанқара ұрпақтары», «Естеліктер», «Мұрағат материалдары» және «Шежіре тармақтары» қатарлы алты бөлімнен тұрады. Бұдан бөлек, Құсайын Жанқараұлының шөбересі Талғат Хайроллаұлы кәсіби суретшілерге арнайы салдырған Құсайын Жанқараұлының портреті де музей қорына табысталды.

Конференция Алаш ардақтысының шөбересі Сәуле Мұратованың баяндамасымен басталды. Өз сөзінде ол атасының есімін ұлықтауға мұрындық болған облыс басшылығына алғыс білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды. Сондай-ақ, жиын барысында Құсайын Жанқараұлының шөбересі Талғат Ислямов атасының ғұмырнамасындағы сәулелі сәттерінен бірнеше мысал келтіріп, оның ұлт алдындағы жанқиярлық ерлігін жастарға үлгі етті. Ал Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина өз баяндамасында ағайынды Жанқариндердің «Алашордалықтарға» сіңірген еселі еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры, ғалым Әділбек Әміренов Ілияс Жанқараұлының патша өкіметі кезіңдегі қызметтік өмірінен баяндама жасап, бірқатар деректемелерге тоқталды.

Жиын соңы Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасып, қалың көрермен қауымға дәстүрлі әндер мен ұлттық билер топтамасы ұсынылды.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ. 

Успен ауданы.