Алдағы бірнеше жыл дересінде облыс орталығындағы Достық шағын ауданында спорттық, мәдени мекемелер салынбақ. Мұнда жаңадан бой көтеріп келе жатқан ауданның тұрғындары спортпен тұрақты түрде шұғылданып, көпшілік шараларға қатысуға мүмкіндік алады.

Облыс әкімдігінде Достық шағын ауданында салынатын жаңа нысандардың құрылысы талқыланды. Бұған дейін аймақ басшысы Асайын Байханов мұз аренасын және шығармашылық, мәдени іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен салу үшін сәулет-жоспарлау шешімін әзірлеуді тапсырған болатын. Соның нәтижесінде хоккей, шорт-трек және конькимен жүгіру спортымен шұғылдану мақсатында аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын мұз сарайын салу үшін 3,4 гектар жер учаскесі берілді. Сол сияқты көпфункционалды кешеннің жобасы 1200 орындық концерт залын қамтымақ. Аталған жобаларды 2024-2025 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және инвестициялар тарту арқылы іске асыру жоспарлануда.


— Облыс тұрғындары бұл мәселелерді көптен бері көтеріп келеді. Әсіресе, спортты дамыту, мәдени тәрбие — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан аталған жобаларға баса назар аудару қажет, — деп атап өтті өңір басшысы Асайын Байханов.
Аймақ басшысы сәулет және қала құрылысы басқармасына 1 қыркүйекке дейін әр нысан бойынша тұжырымдамалық жоспар әзірлеуді, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына салалық басқармалармен бірлесіп осы жобаларды қаржыландыруды қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев