Республика күні қарсаңында облыстың бірнеше ауданында әлеуметтік нысандар есігін айқара ашпақ. Аталмыш нысандар 20 қазаннан қызмет көрсетуді бастады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма-сының басшысы Әзілхан Әбеуов хабарлады. Басқарма басшысының сөзінше, Республика күні былтырдан бастап, ұлттық мереке болып аталады. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні осы жолда елі үшін құрбан болған жандарды еске алу күні болып саналады.

— 25 қазанда Республика күні аталып өтеді. Еліміздің дамуына еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетіліп келеді, — дейді ол. Республика күніне орай биыл құрылысы басталған және күрделі жөндеуден өткен бірнеше нысан қолданысқа берілмек.

— Павлодар ауданында жаңадан Роза Бағланова атындағы 350 орындық мәдениет үйі ашы-лады. Тереңкөл ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 10 үйдің кілті табысталады. Сондай-ақ, Тереңкөл ауданы Осьмерыжск ауылында жаңадан салынған су құбыры іске қосылмақ. Ал Жаңабет ауылында футбол алаңы қолданысқа беріледі, — дейді Ә.Әбеуов. Сондай-ақ, Баянауыл ауданында күрделі жөндеуден өткен екі мәдениет үйі, Успен ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көпфункционалды спорт алаңы және күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ашылмақ. Ал Богатырь ауылында су құбыры қолданысқа берілетін болады. Естеріңізге салсақ, Республика күнін мерекелеу аясында облыс бойынша 450-ден астам іс-шара жоспарланған. Атап өтсек, түрлі мерекелік концерттер, көрмелер және театр қойылымдары өтеді. Мерекелік іс-шараларды тамашалау тегін.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.