Соңғы күндері көпшілік назары тағы да Екібастұз қаласына ауды. Мұндағы орталық көшелердің бірінде құбырдан атқылаған су нағыз «субұрқаққа»
айналды. Оның таспаланған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде әп-сәтте кеңінен тарады. Мұны көрген жергілікті жұрттың көкейінде «Қыста да
осындай қиындықтар туындамай ма?» деген ой қылаң бергені рас. Көптің көңіліндегі күдікті жергілікті билік сейілтті.

Кеншілер шаһарындағы жылу желісін жаңарту аясында Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында биыл жаңа жылу магистралі салынды. ЖМ-2 магистралін сынақтан өткізу барысын байқау үшін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына арнайы барды. Аймақ басшысы сынақ жүргізіліп жатқан аумаққа жеткенге дейін құбырға берілген қысым компенсатор тығыздамасын жұлып алып, желіден су атқылады. Яғни, «Достық» дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін магистральді сынақтан өткізу кезінде жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шықты. Абырой болғанда, құбырлар зақымдалған жоқ. Бір күннің дересінде ақау жойылды. Енді осы магистральдік желіні сынау және жуу жұмыстары қайта жалғасады. Сондай-ақ, Абай көшесіндегі үш магистраль қысыммен тексеруден өтті. Оларды да іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, бірнеше күн бұрын гидравликалық сынақтар кезінде Екібастұз тұрғындарының бірінің жеке ауласын да су басқан болатын. Асайын Қуандықұлы үй иесінен келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Бүгінде ақау жойылып, аула тазартылды.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстарды көпшілікке кеңінен түсіндіру керек. Бізге қазірден-ақ желілердің осал тұстарын анықтап, пайда болған ақауларды бірден жою керек. Сол үшін жаңа құбырлар жоғары қысыммен тексерілуде, – деп атап өтті облыс әкімі. Жалпы, көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылды. Қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 проблемалық учаскені жөндеу жұмыстары жалғасуда. 690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылуды қабылдауға толықтай дайын. Тағы 25 көпқабатты баспанада ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқталуда.

– Екібастұзда жылу беру маусымы 1 қазаннан басталмақ. Жылуды қабылдауға дайындық бойынша барлық жұмыстар уақытылы және барынша сапалы орындалуы қажет. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшуі керек. Жылумен жабдықтауды бастау бір бөлек, жүйені теңдестіру де маңызды. Жылу желілері қызметтері мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ішкі жылумен жабдықтау жүйе-лерін реттеу және шеткі үйлердегі гидравликалық параметрлерді теңдестіру бойынша үйлесімді жұмыс қажет, – деді Асайын Байханов. Бұл ретте жылу-электр орталы-ғындағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда
3 энергетикалық қазандық пайда-лануға әзір. Оған қоса, жылу беру маусымы басталғанға дейін тағы 3 су жылытатын қазандық агрегаты дайын болады. Қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін толығымен жөнделеді. Осы орайда аймақ басшысы жылумен қамту бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіре түсу үшін ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Себебі бұған дейін 1973 жылы салынған аталмыш магистральдың Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы учаскесінде ақау орын алған болатын. Жұмыстар жүргізу барысында мамандар құбыр металының 3 мм-ге дейін жұқарғанын анықтады. Сонымен қатар, Асайын Байханов жыл соңына дейін ЖМ-7/1 жаңа магистралінің құрылысын қолға алуды тапсырды. Бұл бір ауданның жылуды шамадан тыс көп алып, ал екіншісі ауданда жылу жетіспеушілігі болған жағдайда қаланың жылумен жабдықтау жүйесін теңдестіруге мүмкіндік береді. Екінші көтергіш сорғыдан Екібастұз ЖЭО-на дейін техникалық судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы жалғасуда. Қазір жер жұмыстары жүргізіліп, желі орнатылып,  бекіту арматурасы күтілуде. Нысанды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

– Қаланы жылумен қамту мәселесі әрбір екібастұздықты алаңдатады. Біздің міндет – барлық қажетті жұмысты сапалы орындау. Біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі үйлердегі тұрақты жылу болуы тиіс, – деп түйіндеді аймақ басшысы.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.