Елімізде 2022 жылы иттерді атуға заңмен тыйым салынды. Көшеде жүрген иттерге қатысты тұрғындардан шағым түспесе, ешкімнің оған қолын тигізуге қақысы жоқ. Ал елдің есін алып, қауіп төндіргендерін құзырлы орган аулап, арнайы орынға жайғастырады. Екпесін жасап, стерильдейді. Иесін іздейді. Қожайыны жоқтарын біраз уақыт ұстап, чип салып, жайына жібереді. Нақтысы, ауланған орынға апарылады. Алайда, араға төрт жыл салып, заңның бұл талабы тиімсіздігін көрсеткендей.
Азайта алды ма?
Оған статистика дәлел. Жануар-ларға жанашырлық танытып, атып тастауға аяп жүргенде адамдарға атылып, қауіп төндіру жағдайлары жиілеген. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин бастаған мәжілісмендер ел аралағанда жұртшылықтан дәл осы қаңғыбас иттердің қаптағанына қатысты шағым көп түскенін айтып, заңға өзгеріс енгізуді қолға алды.
Мәселен, Қазақстанда 2025 жылы 38 519 адамды ит қапқан. Ал биыл екі айдың өзінде 5 507 тұрғын дәрігер көмегіне жүгінген. Яғни, елде күніне кемі 100 адамды ит қабады. Аса ауыр жағдайларға жетелеген жайттар да жоқ емес. Ал Павлодар облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаевтың мәліметіне сүйенсек, аймағымызда 2025 жылы жануар-лардың шабуылы мен агрессиясына қатысты 2663 жағдай тіркелген. Оның ішінде қауіптің басым бөлігі иттерден келген. Мәселен, 1546 ит адамдарға қауіп төндірген. Олардың 802-сінің иесі бары анықталса, 744 ит қаңғыбас болған. Биыл жыл басынан бері 117 ит тұрғындарға шабуылдап, агрессия көрсеткен. 64 иттің қаңғыбас, қараусыз ит екені белгілі. Жауапты орган жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша адамдар мен жануар-лардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру жағдайларында итті жояды. Былтыр мұндай 1979 иттің көзі құртылған. Биыл 39 қаңғыбас ит жойылыпты. Мұндайда мамандар қолданыс-тағы заңның 15-бабына жүгінеді. Агрессия танытып, шабуыл-дағанды эвтаназия тәсілімен ұйқыға жібереді.
Қолданыстағы заңға сәйкес шағым түссе, қаңғыбас үй жануар-лары оларға зақым келтірмейтін әдіспен ауланады. Итті арнайы уақытша ұстау орнына апарады. Мемлекет есебінен бойында аса қауіпті аурулардың бар-жоғын қан талдауы арқылы анықтайды. Құтыруға қарсы екпе салады. Стерильдеу жұмысы жүргізіледі. Содан кейін сәйкестендіру құралы тағылып, есепке қойылады. Арнайы орындарда 60 күнге дейін ұстауға рұқсат. Содан кейін қай жерден ұсталса, сол жерге жіберіледі.
Естеріңізде болар, Павлодар қаласында 2024 жылы 300 орынға арналған үй жануарларын уақытша ұстау пункті пайдалануға берілді. Басқарманың мәліметінше, облыс бойынша қалалар мен аудандарды қаңғыбас үй жануарларын ұстайтын өзге пункт салынған жоқ. Құзырлы орган былтыр 593 қаңғбыс итті аулап, уақытша ұстау пунктіне орналастырған. Оның 253-і стери-лизацияланса, 235-іне вакцина салынған. Соның ішінде 156 ит табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілген. 241 итті жаңа қожайын-дарға табыстапты.
Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай арнайы орындарда бір итті асырауға тәулігіне 5800 теңге, аулау және зарарсыздандыруға бір итке 20 мың теңге, вакцина салуға 17 мың теңге жұмсалатынын келтіреді. Енді арнайы орындарға қанша ақша жаратылатынын есептей беріңіз.
Заң қолданысқа енгізілгенде мамандар стерильдегеннен кейін айналада қаңғыбас иттің саны азаяды деп үміттенді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Оған не себеп? Асылтас Абылайұлының айтуынша, қаңғыбас иттің қарасы көбеймесе, азаймаған. Қанша амал қолданылып жатса да, қоғамдық орындарда, мектеп, балабақшалар маңында, саябақтарда немесе аялдамаларда иттердің көпшіліктің еркін жүріп-тұруына қауіп төндіруіне қатысты шағым кемімеген.
– Үкімет тарапыннан стерили-зация жасаудың, қаңғыбас иттер мен мысықтардың күшіктемеуіне қарсы әрекеттің олардың азаюына әсері аз деп санаймын. Себебі, мемлекет қаражатына қаңғыбас иттерге стерилизация жасаса да, үй жануарлары иелері, әсіресе, жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындар күшіктеп қалған иттердің күшіктерін саяжай немесе қала шетіне апарып тастауды тыйған жоқ. Салдарынан саябақтарда немесе өнеркәсіп мекемелерінде олар ары қарай өсіп-өнеді. Кейін күз, қыс мезгілдерінде тамақ іздеп қала, ауылдық елді мекен-дерге қарай ойысады. Олардың әртүрлі инфекциялық аурулардың тасымалдаушысы екенін де ескеру керек, – дейді Асылтас Абылайұлы.
Енді – эвтаназия…
Қазір елде қалыптасқан жағдайды ескерген Мәжіліс депутаттары бүгінде ҚР «Жануарларға жауап-кершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу жобасын қарап,
мақұлдады. Ары қарай Сенатқа жөнелтіледі. Сонымен заңға қандай өзгеріс енбек?
Енді ұсталған иттерді қайтадан көшеге жібермеу ұсынылып отыр. 5 күн ішінде иттің иесі іздестіріледі. Табылмаса, асырап алатын адам қарастырылады. Ондай да тұрғын шықпаса, эвтаназия әдісі қолданылады. Яғни, дәрілік затпен ұйықтатып, көзін жояды. Осы орайда айта кету керек, заңда бес күн деп көрсетілгенімен, жергілікті мәслихаттар жануарларды уақытша ұстау орнында болатын мерзімді ұзарта алады. Әрине, бұл қаражатқа байланысты. Себебі, әрбір ұсталатын күнге бюджет қаражаты жұмсалады. Ал иесі болуы мүмкін итті 60 күнге дейін ұстау қарастырылмақ.
Мұндай шешім қабылдауда депутаттар халықаралық тәжірибеге сүйенген көрінеді. Мәселен, АҚШ, Канада, Жапония және Оңтүстік Корея қаңғыбас жануарларды қайта жібермейтін жүйені қолданады. Ұзақ уақыт қаңғыбас иттерді тек зарарсыздандыру тәсілін пайда-ланған Түркияда олардың саны күрт өскен. Ақыры бұл мемлекет 2024 жылы бұл амалдан бас тартуға мәжбүр болған. Сондықтан соңғы бір жылда бұл елде көшедегі бұралқы иттердің 75 пайызы ауланып, арнайы орындарға қамалады.
Жауапкершілік күшейтілмек
Әрине, заңға енгізілмек соңғы өзгерістер елімізде қоғам пікірін екіге жарды. Иттерден зәрезап болған азаматтар жаңашылдықты құптап отыр. Келесі тарап қаңғыбас иттен қауіп жоқтығын алға тартуда. Олар бұралқы иттер ешкім тиіспесе, біреуге шабуылдауға шамасы жоқ деген ойда. Сондықтан қаңғыбас емес, иесі барлардың қожайындарының жауапкершілігін арттыруға күш салу керектігін айтып отыр. Бұл оймен де келіспеуге уәж жоқ. Өйткені, аймағымызда адамға шапқан иттердің тең жартысының иесі барын көруге болады. Әлеуметтік желілерде бұралқы иттерге қатысты жарияланған ақпараттардың төменіндегі пікірлерден өзгеріс енгізбеуді өтініп жатқан көпшілікті көресіз. Мұндай ақпараттық «шабуылды» депутаттар уақытша ұстау орындарын кәсіп көзіне айналдырып алған азаматтардың әрекеті деп бағалап отыр.
Жоғарыда басқарма өкілінің ойынан да қаңғыбас иттердің көбеюіне кейбір жауапсыз тұр-
ғындардың әрекеті себеп болғанын байқауға болады. Жалпы, қолда-ныстағы заңда да иесі бар ит-мысықты бір ретке келтірудің жолы көрсетілген. Яғни, барлық азаматтар қолындағы ит-мысығын тіркеп, чип салғызуға міндеттелген. Алайда, заңда оның орындалуын қадағалайтын құзыр ешбір мекемеге берілмеген. Сондықтан саналы түрде тіркегендер қатары сирек. Енді өзгерістер енсе, бұл міндеттің орындалуын жергілікті әкімдіктер құзыретіне беру қарастырылуда. Тағы бір ескеретіні, заңнама өзгерістеріне сәйкес ит-мысықты иесі қараусыз қалдырса, оған алдымен ескерту беріледі, кейін айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жануары тәркіленуі мүмкін. Бұл жауапкершілікті жоғарылату қадамына да үміт артылып отыр.
Халық қалаулылары заңды қолдаған азаматтар жануарлардың жауы еместігін, қоғамдағы қауіп-сіздіктің қолдаушысы екенін еске салып отыр. Сонымен қатар, мамандардың пікірінше, бұл тек жануарларды жансыздандыруды көздейтін заң емес. Атап өтсек, хайуандарға қиянат жасап, қатыгездік танытқандарға да жаза күшейеді. Енді аң-құсқа зиян келтіргендер 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Аймақ ветеринарлары заңға енгізуге ұсынылып отырған өзгерістерден бюджетке түсетін жүктеме азайып, қоғамдық орындарда қаңғыбас иттердің саны кемиді деп үміттенеді. Сондай-ақ, халық тарапынан түсетін шағымдардың азаюына себеп болады деп күтуде.
Әлбетте, өзгерістің өміршеңдігі – уақыт еншісінде. Нәтижесі де кейін күшіне енген жағдайда көрінер. Бір анығы, адамның қауіпсіздігі қашанда бәрінен биік.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
