Дәрілеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

Сәу 16, 2026

Күн жылынып, жаз шығысымен қара Ертіс жағасындағы өңірлерде қанатты зиянкестер қаптайтыны белгілі. Оның алдын алу мақсатында облысымызда шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары басталып кетті. Бұдан қандай нәтиже күтеміз? Жалпы, дезинсекциялық маусымға дайындық шаралары қалай жүргізілуде? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев жауап береді.  

– Сағын Сайранұлы, аймағы-мызда шыбын-шіркейді улау жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Негізі, ағымдағы жылдың дезинсекциялық маусымына әзірлік 2025 жылы басталған болатын. Алдымен ғылыми сүйемелдеу тобының ұсыныстары зерделенді. Ал күн жылынып, көктем келісімен мердігерлік ұйымдар іске кірісті. Жалпы, бұл бағыттағы барлық жұмыс арнайы алгоритмге сәйкес құрылып, жүзеге асуда. Яғни, оның өз тәртібі бар.

Бірінші – ғылыми сүйемелдеу тобымен фенологиялық бақылаулар жасалады. Бұдан кейін масалардың дернәсілдерінің дамуы анықталып, өңдеу жұмыстары жалғасады. Биыл фенологиялық бақылау 29 наурызда басталып, тиісті шаралар жүргізілуде.

Екінші – авиациялық өңдеулер. Ғылыми топтың ұсынымына сәйкес осы жылы авиаөңдеудің жалпы көлемі 172 мың гектарды құрап отыр. Өңдеу шаралары Павлодар қаласы мен ауылдық аймағы, Павлодар ауданы, Ақсу қаласы мен ауылдары, Тереңкөл, Ақтоғай, Ертіс және Железин ауданын қамтиды.

Айта кетерлігі, әуеден өңдеуге келмейтін жерлерге аспалы бүріккіштер пайдаланылады. Яғни, мамандар аумақты бүрку арқылы жаяу жүріп өңдейді. Сондай-ақ, осы жылдан бастап таяз суларды өңдеу үшін ұшкышсыз ұшатын дрон қолданылатын болады.

Ғылыми топтың ұсынысы бойынша шыбын-шіркейге қарсы алғашқы жұмыстар 6 сәуір күні Павлодар ауданына қарасты Әйтім ауылы маныңдағы су айдындарында жүргізілді. Келесі өңдеу шыбын-шіркейдің қанаттанған түріне қарсы жүргізілетін болады.

Жалпы, биыл жағалаудағы 67 елді мекенді және Ертіс өзені мен арналарының 3200 шақырымнан астам жерін өңдеу жоспарлануда.

– Өңдеу жұмыстарымен қандай ұйымдар айналысады және дәрілік заттардың әсері қанша уақытқа дейін сақталады? Сондай-ақ, осы мақсатқа қазынадан қанша қаражат бөлінді?

– Ғылыми топтың ұсынысы бойынша биологиялық дәрі-дәрмектер дернәсіл сатысына қарсы қолданылады. Нақтырақ айтқанда, имаго формасына қарсы, яғни зиянкестердің қанатты түрін жоюға арналған өнімдер пайдаланылады.

Биологиялық дәрі-дәрмектер қолайлы жағдайда әзірленгендіктен жарты жылға дейінгі мерзімде сақтала береді. Ал қолданылғаннан кейінгі әсері шамамен 4 тәулікке дейін сақталуы мүмкін.

Атап өтерлігі, біз пайдаланатын биологиялық өнімдердің әсері бір айға дейін сақталады әрі зиянкестерге тез әсер етеді.

Жалпы, өңдеу жұмыстарына қосымша құн салығын санамағанда 4,5 миллиард теңге бөлінді. Біздің өңірімізде дезинсекциялық жұмыстармен павлодарлық «ВиК ЛТД» ЖШС, «Павлодар-Реактив» ЖШС, екібастұздық «Актюбинское областное объединение «Дезинфекция», Аққулы ауданындағы «Сервис «Дезо» МУ, Май ауданындағы «Мурза Строй» ЖШС сынды мердігерлер айналысады.

– Жәндіктерді улауға арналған заттар адамдар мен жануарлар үшін қауіпті ме? Осы науқан барысында тұрғындар арасында қауіпсіздікті сақтау шаралары жүргізіле ме?

– Біз қолданатын барлық дәрілік өнім еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді және ең қауіпсіз деп саналатын IV класқа жатады. Бастысы, олар Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген. Яғни, жануарлар мен адамдар үшін зияны жоқ. Дегенмен де, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір өңдеу жұмыстарының алдында әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабар таратамыз. Өйткені, өңдеу кезінде тұрғындардың серуендеуге шықпағаны жөн.

– Бұл жұмыстардан қандай нәтиже күтеміз? Яғни, шыбын-шіркей саны қаншалықты азаяды деп болжануда?

– Әрине, жоспарланған шаралардан оң нәтиже күтеміз. Ғылыми сүйемелдеу тобының фенологиялық бақылауымен жүргізілген дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі кемінде 80 пайызды құрайды деген үміт бар. Егер жүргізілген өңдеулердің тиімділігі 80 пайыздан төмен екенін көрсетсе, орындаушының есебінен өңдеу шаралары қайта жүргізілетін болады.

Қазіргі таңда барлық жұмыстар бекітілген дезинсекциялық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.