Елімізде қыз-келіншектерге арналған «Ұмай» бағдарламасы жуық арада іске қосылмақ. Алғашында 2000-нан астам ипотекалық несие беру жоспарланған. Осы мақсатта «Отбасы банк» Азия даму банкінен бағдарламаға 90 млрд теңге тартады.
Бұл туралы «Отбасы банкінің» баспасөз қыз-меті хабарлады. Қос тарап 90 млрд теңге көлемінде қарыз алуға байланысты келісімге қол қойды. «Отбасы банк» бұл қаражатты «Ұмай» «Жасыл ипотека» бағдарламалары бойынша несие беруге бағыттамақ.
– «Отбасы банк» үшін отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті қолдау өте маңызды. Біз әрдайым әйелдердің экономикалық белсенділігін және қаржылық тәуелсіздікке ұмтылысын қолдаймыз. Жеке баспана әйелге сенімділік беріп, отбасы үшін тұрақтылықты қамтамасыз етеді және болашаққа деген қорғаныш сезімін қалыптастырады. Сондықтан «Ұмай» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие. Бұл бағдарлама әйелдерге қолжетімді шарттармен баспана иесі болуға мүмкіндік береді. Бағдарламада бастапқы жарна төмендетілген. Пәтерді бастапқы немесе қайталама нарықтан, еліміздің кез келген қаласынан, тұрғылықты тіркеуге байланыссыз сатып алуға болады. Қазіргі жоба алдыңғы бағдарламаның сәтті тәжірибесіне негізделген. Бұған дейін «Ұмай» бағдарламасы аясында 3 660 әйелге баспана алуға көмектестік, – деп атап өтті «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Ұмайға» қатысушыларға баспана алуда таңдау еркіндігі берілген. Яғни, дайын жаңа үйден де, Қазақстан тұрғын үй компаниясы кепілдігімен құрылыс кезеңінде де пәтер ала алады. Екінші нарықтағы үйлерді де сатып алуға рұқсат. Тек ол үйлердің салынған жылы 2016 жылдан ерте болмауы тиіс. Несиені үй алуға және оның жөндеу жұмыстарына да алуға болады. Егер бағдарлама қатысушысы Алматы мен Астанадан пәтер алса, банк оған баспана құнының 80 пайызға дейінгі мөлшерінде несие береді. Қалған 20 пайызын бастапқы жарна ретінде жылжымайтын мүліктің сатушысына өздігінен аударады. Өзге өңірлерде 85 пайызға дейінгі мөлшерде несие рәсімдеуге болады, қалған 15 пайызын сатушыға аударады.
Аталмыш бағдарлама аясында 50 млн теңгеге дейін несие беріледі. Тағы бір шарт — отбасының таза жалпы кірісі 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Несиені 25 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. «Ұмай» арқылы алынған үй міндетті түрде әйелдің атына рәсімделуі қажет. Егер ол тұрмыста болса, жылжымайтын мүлік ортақ мүлік ретінде рәсімделеді. Несие рәсімдеуде төлем қабілеті жетпесе, қосымша 2 қарыз алушы тартуға рұқсат етілген. Бағдарлама бойынша несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі өткен жылы 14,4 пайыз болды. Биылғы мөлшерлеме әзірге белгісіз. Сонымен қатар, аталған бағдарламада өтініш берушінің атында өзге мүліктің бар-жоғына маңыз берілмейді. Тұрақты тіркеуі де талап етілмейді. Қатысушы әйелдер ресми түрде жұмыс істеуі керек. Егер жалдамалы жұмысшы болса, соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары болуы тиіс. Ал жеке кәсіпкер болса, соңғы бір жылдағы кірісін декларациялау қажет.
«Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларының қашан іске қосылатынын «Отбасы банк» қосымша хабарлайды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
