Павлодар облысында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік Шарбақты ауданындағы киелі нысандардың бірі – Ғабдул Уахит хазірет кесенесі маңында өтті.
Сенбілікке 40-тан астам жергілікті тұрғын, жалпы саны 60-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер, мектеп оқушылары, ұстаздар, қоғам белсенділері, жас мамандар мен еріктілер бар. Павлодар облысы Азаматтық альянсы төрағасы Алма Қозбаева тарихи орындарды сақтау – ел болашағы үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
— Мұндай бастамалар тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді, оның астарында терең тәрбиелік мән жатыр. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде тарихымыз бен мәдениетімізді сақтау үшін сенбілік ұйымдастырылуда. Біз еріктілермен бірге қасиетті орынға келіп, оның айналасын ретке келтіруді жөн көрдік. Мұндай шаралар жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырады, — деді ол.
Қатысушылар аумақты қоқыстан тазалап, ағаштарды әктеп, ағаш отырғызу, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Арнайы техника тартылып, жиналған қалдықтар шығарылды.
— Бүгін, 18 сәуір күні — Павлодар облысының жастары, еріктілер қауымы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи мұраларды қорғау күнін атап өтуде. Бұл – тарихи және мәдени құндылықтарымыздың сақталуының маңызын еске салатын ерекше күн. Іс-шараға «Қаһарман» жастар орталығы мен оның жанынан құрылған «Адал жүрек» еріктілер жасағы белсенді қатысуда. «Адал жүрек» еріктілер тобының құрамында мектеп оқушылары, мұғалімдер және қоғамның түрлі саласында еңбек ететін азаматтар бар. Олардың барлығын ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстаным біріктіреді. Ал «Қаһарман» жастар орталығы – Шарбақты ауданындағы жастардың басын қосып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын маңызды ұйым, – деді Шарбақты ауданының Жылыбұлақ негізгі жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әрсен Бекболат.
Айта кетейік, мұндай акциялар өңірде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, жастардың тарихи мұраларды құрметтеуге және ұлттық құндылықтарды сақтауы үшін керек.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК,
Шарбақты ауданы.
