Татуласудың тиімділігі қандай?

Там 6, 2026
Сурет ЖИ арқылы жасалған.

Еңбек дауын сотқа жеткізбей, қос тарапты бір мәмілеге келтіруге елімізде баса мән беріледі. Яғни, ортақ келісім таппағандарға екі жаққа да тиімді бір шешім шығаруға күш салынады. Еңбек дауларын шиеленістірмей, сотқа дейін реттеудің тетігі ретінде Қазақстанда кәсіподақтар жанынан осындай миссияны атқаратын орталықтар ашылған. Бұл – «Татуласу орталығы». Аты айтып тұрғандай, еңбек қатынастарында орын алған келіспеушіліктердің түйінін тарқатады.

     Ушықтырмау – ұтымды

Кеше ғана елімізде Медиаторлар күні аталып өтті. Жалпы, Қазақстанда еңбек қатынастарынан туындаған дау, қарама-қайшылықтарға қатысты медиация тәсілін қолдану 2011 жылы бастау алған. Яғни, «Медиация туралы» заң күшіне енген. Жылдар өте, медиацияның маңызы арта түсті. 2018 жылы ҚР Жоғары соты мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат еңбек дауларын сотқа дейін реттеудің бастауы болды. Кейін Павлодар облыстық соты мен «Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында да ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Осылайша, еңбек ұжымдарындағы дау-дамайлықты азайту, сотқа дейін келіспеушілікті шешу көзделген.

«Павлодар облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова медиативтік татуластырудың басты артықшылықтарына тоқталды. Медиативті татуластыру үрдістері, ең алдымен, еңбек дауы қатысушыларының уақытын үнемдейді. Онымен қоса, тараптар сот шығындарын төлемейді, оларды ұзаққа созылатын сот процестерінен қорғайды.

– Еңбек дауын медиация арқылы шешуді ұсынудың сот қарауына қарағанда айтарлықтай артықшылықтары бар. Мәселен, медицаия үрдісі жарияланбайды, құпия түрде өтеді. Ал бұл, негізінен, компаниясының беделін ойлайтын жұмыс беруші үшін тиімді. Заңгерге төленетін ақы шығындары үнемделеді. Медиация үрдісінің уақыт пен тәртібі жағынан қатаң регламенті жоқ. Бұл дегеніңіз, кездесу, келіссөздер қос тараппен бірге немесе әрқайсысымен жеке ұзақ мерзім немесе бір рет қана өткізілуі мүмкін. Еңбек дауын қарастыру бойынша өтініш мерзімі кезінде уақытша тоқтатыла алады. Жалпы, нәтижесінде қарама-қайшылық тараптардың қатынастарын сақтай отырып шешіледі, еңбек қатынастары жалғаса береді, – дейді Динара Айтжанова.

Облыстық «Татуласу орталығына» басшылық ететін, сот жүйесінің ардагері, кәсіби медиатор Марина Иванова кәсіподақтардың еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысу құқығы «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 16-бабында бекітілгенін айтады.

– Медиацияның негізінде ерікті түрде қатысу және тараптардың теңқұқықтығы, өзара құрметі, шешімдер шығару және қабылдау еркіндігі жатыр. Олар қорғау ашықтығына және бейтарап медиатордың қатысуы кезінде әрбір тарап мүдделерін қанағаттандыруға негізделеді. Медиация еңбек дауларын сотқа дейін реттеу үрдісі ретінде бірқатар артықшылыққа ие. Өйткені, мұнда жұмысшы мен жұмыс беруші өздері шешім жасап шығарады. Сондықтан, осы мақсатта келіссөздер алгоритмін, бейтарап медиатордың қатысуымен өтетін кездесулер жиілігін де айқындайды. Бір шешім шығару, медиация туралы келісімнің мазмұнын және оны ерікті түрде орындау алгоритмін де өздері анықтап алады. Сондай-ақ, медиация үрдісінің әрбір қатысушысы оның «Медиация туралы» заңмен қорғалғаны туралы ақпараттандырылады. Яғни, заң құпиялыққа және келіссөздер кезінде тараптарға әрі медиаторға белгілі болған ақпаратты олардың келісімінсіз таратуға тыйым салуға кепілдік берілген, – дейді Марина Анатольевна.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес жұмысшылардың немесе бұған дейін еңбек қатынасында болған азаматтардың немесе жұмыс берушінің келісу комиссиясына жүгінуі олардың арасында туындаған жеке еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы болып саланады. Ал егер жеке еңбек дауының бір тарапы келісу комиссиясының шешімімен толық немесе ішінара келіспесе, онда ол сотқа жүгіне алады. Дұрысы, жағдайды ушықтырмай, мүмкіндігінше медиативтік тәсілмен шешкеннің ұтымды екені байқалады.

– Медиация арқылы еңбек дауларын шешудің бірегей мүмкіндігі бастауыш кәсіподақтық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар, кәсіподақтар медиация үрдісіне жүгіну арқылы еңбек дауларын шешу талаптарын кәсіпорындарда еңбек және ұжымдық шарттарда бекітуге бастамашылық етті. «Татуласу орталығының» негізгі бағыты – медиация үрдісін өткізу арқылы еңбек дауларын шешу. Ал мұндай көмекке, әсіресе, кәсіподақтық қоғамдық бірлестіктер құрылмаған әрі келісу комиссиялары жоқ шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарында жұмыс істейтін жұмысшылар мұқтаж. Көп жағдайда біздің орталыққа еңбек қатынастары рәсімделмеген және еңбекақысы төленбеген жұмысшылар өтініш білдіреді. Еңбек қатынастарын егжей-тегжейлі талдаған кезде олар жазбаша еңбек шартының заңдық салдарын түсіне бастайды, –
дейді Динара Нұржанқызы.

Нәтиже бар ма?

Татуластыруды түпкі мақсат еткен орталық басшылығы жүргізілген жұмыстар бүгінде оң нәтиже беріп отырғанын айтады.

– Ашылғаннан бері, яғни, 8 жыл ішінде облыстық кәсіподақ бірлестігіне қарасты «Татуласу орталығында» кәсіби медиа-торлардың араласуымен 1346 медиация туралы келісім жасалды. Яғни, тараптар сотқа жүгінбей, сотқа дейінгі тәртіпте мәмілеге келді. Көп жағдайда еңбекақы төлемеу, еңбек шартын бұзу туралы жұмыс берушінің бұйрығына дауласу сынды мәселелермен келеді. Материалдық зиянды өтеп алу туралы бұйрықтарға, тәртіптік жазаға тарту туралы бұйрықтарға қарсылық білдіріп, азаматтар көмегімізге жүгінеді. Еңбек дауларында жұмысшы үшін еңбек қызметінің маңызды бір бөлшегі –әлеуметтік диалог қатынасын сақтап қалу, тараптар қарама-қайшылығы деңгейін төмендету. Медиация еңбек қатынастары саласында дәл осыны мақсат еткен.Біздегі медиатордың барлық қызметі тегін көрсетіледі. Бұл ретте, азаматтың кәсіподақ құрамында бар-жоғы маңызды емес. «Татуласу орталығы» дау-дамайды шешіп қана қоймайды, сонымен қатар, еңбек дауларының алдын алумен айналысады. Сол мақсатта еңбек ұжымдарында сотқа дейін дауды шешу түсіндіреміз. Одан бөлек, кәсіпорындардағы келісу комиссиялары мүшелерін еңбек заңнамасын қолдану бойынша бекітілген авторлық бағдарламамызбен жыл сайын оқытамыз,  – дейді Марина Иванова.

Тағы бір айта кетерлігі, даудамайлық деңгейін төмендету үшін ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы заң клиникасының қоғамдық қабылдау филиалдарында азаматтарды қабылдайды. Мұнда еңбек дауын әу бастан ауыздықтауға араласады. «Татуласу орталығына» еңбек дауы бойынша жұмысшыдан өтініш алғаннан кейін жұмыс берушіге келісу комиссиясына және сотқа жүгінуге дейін медиация жолымен дауды реттеудің балама тәсілін ұсыну мүмкіндігін береді. Мамандар бұл еңбек дауын жылдам әрі нәтижелі шешуге, тіпті, жұмысшыдан өтініш түскен күні-ақ нәтиже алуға жол ашатынын айтады.

Оңынан шешіліп…

«Татуласу орталығының» жәрдеміне жүгініп, мәселесі оңынан шешілген жағдайлар аз емес. Солардың бір парасын орталық өкілдері атап өтті. Мәселен, «Татуласу орталығына» Павлодар қаласында құрылыспен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жұмыс істеген төрт азамат жүгінеді. Олар кәсіпорында үш ай адал еңбек еткен. Алайда, айлықтарын ала алмапты. Яғни, серіктестік жұмыстың тиімсіздігін алға тартып, өз бастамашылдығымен еңбек шарттарын бұзады. Бірақ жұмысшылар пайдаланылмаған еңбек демалысына ақшалай өтемақы алмаған. Бірыңғай зейнетақы жинағы қорындағы жеке шоттарды тексеру кезінде еңбекақыдан қорға аударымдар жасалғаны анықталған. Жұмыс беруші оны жүйелі түрде әрі толық көлемде аудармаған. Сөйтіп, жұмысшылар қалалық сотқа шағым түсіреді. Еңбек дауын сотқа дейін реттеу сақталмағанына, яғни кәсіпорынның келісу комиссиясы шешімінің жоқтығына байланысты өтініштерін қайтарып тастаған.

Жағдайды жан-жақты сараптаған «Татуласу орталығының» басшысы Марина Иванова жұмысшылармен бірге серіктестік басшысына хабарласып, медиация тәртібімен бір мәмілеге келуді ұсынады. Кәсіпорын директорымен аумақтық кәсіподақ төрағасы Динара Айтжанова, кәсіби медиатор Марина Иванованың қатысуымен татуластыру келіссөздерін жүргізу нәтижесінде бірнеше күннен кейін жұмысшылар өздеріне тиесілі қаражат толық аударылғанын хабарлайды. Осылайша, төрт азаматтың адал еңбекпен тапқан қаржысы қалталарына түсті. Дау олар ойлағаннан де жылдам әрі нәтижелі аяқталып отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кәсіподақ жанында заң клиникасы жұмыс істейді. «Татуласу орталығында» бір келісімге келмеген жағдайда азаматтардың мәселесін ары қарай шешу үшін кәсіподақ заңгерлері дәл осы заң клиникасында тегін реттеуге кіріседі. Себебі, дауды шешу үшін кәсіпорынның келісу комиссиясына жүгінеді. Сотқа беру үшін де осы сатылардан өту керек. Сондықтан, кәсіподақ ұйымы өтініш білдірген адамның ісін соңына жеткізуге дейін қолдау білдіреді.

Осындай көмектің арқасында оң шешім тапқан тағы бір жағдайды кеңірек жазсақ. Заң клиникасы филиалына қазіргі таңда жасына байланысты зейнет демалысына шыққан  өнеркәсіптік кәсіпорынның бұрынғы қызметкері жәрдем сұрай келген.

– Бұл азаматқа 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 қаңтары аралығында зейнетақы қорындағы шотына глинозем тиейтін жүк тиеуішісінің зиянды жағдайдағы еңбегі үшін міндетті кәсіби зейнетақы аударымдары жасалмаған. Құқықтық қолдаудың алгоритмі бойынша оған кәсіпорынның келісу комис-сиясына өтініш рәсімдеуге көмек-тестік. Келісу комиссиясы оған тек 2017 жылдың 1 сәуірінен 31 желтоқсаны кезеңіне талабы заңды деп мойындады. Ал қалған мерзімге аттестациялық комиссияның зиянды еңбек жағдайын расталмағанын назарға алып, оны төлеуден бас тартты. Заң клинкамызда өтініш беруші азаматқа сотқа шағым түсіруге жәрдемдестік. Сот өндірісінің барлық сатысында еңбек ардагеріне қолдау көрсеттік. Сот шағымданушы азаматтың өтінішін қанағаттандырды. Кәсіпорынды талапкер көрсеткен мерзім үшін зейнетақы аударымдарын аударуды міндеттеді. Осылайша, еңбек ардагерінің құқығы қорғалды, қаржысы қайтарылды, – дейді Марина Анатольевна.

Тағы бір тұрғын «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызмет-керлерінің салалық кәсіптік одағы» облыстық кәсіподағына келісу комиссиясына өтінішті дұрыс рәсімдеуді сұрап келген. Айтуынша, оған рентген-зертханашы болып еңбек еткен 2015 жылдың 1 қыркүйегі мен 2021 жылдың
1 қыркүйегі арасында еңбекақысынан 5 пайыз көлемде міндетті ай сайынғы кәсіби зейнетақы жарналарын аударуды талап еткен. Кәсіподақтың көмегімен Павлодар қалалық соты шағымын қанағаттандырып, жұмыс берушіге толық көлемде тиісті жарналарын аудару міндеттелді. Кәсіподақтың пікірлер қалдыратын кітапшасына көз жүгіртсеңіз, қаншама азаматтың алғысын аңғарасыз. Атқарылған жұмыстың нәтижесін байқайсыз.

Міне, «Татуласу орталығы», заң клиникасы сынды кәсіподақтық құрылымдар арқылы азаматтар заңды құқықтарын қорғап, өздеріне тиесілі жағдайдың жасалып, орындалуына қол жеткізуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.