Қайрап, қажетті қалыпқа келтіреді

Қыр 24, 2026

Елімізде кеңінен қолданыстағы көліктің бір түрі – пойыз. Қауіпсіз, ауа райының қолайсыздығына қарамастан әрдайым ары-бері жүйткіп тұрады. Міне, осы теміржол вагондарының қозғалысына қажетті біршама бөлшек Екібастұзда өндірілетінін білесіздер. Машина жасау саласында отандық өнім өндірісіне үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Нұрболат Жүсіпәлі.

Ол бүгінде озық технологиялы екібастұздық «Проммашкомплект» кәсіпорнының  бағыттамалық бұрма цехында айқастырмалар учаскесінде қайрақшы болып жұмыс істейді. Теміржолда бағыттама айқастырмаларының басты бөлшегі – өзегін жасайды.

– Айқастырмалардың өзегі құйма түрінде көрші елден жеткізіледі. Біз оны бес түрлі үдерістен өткіземіз. Бұл өзек айқастырманы бұру үшін қажет. Әкелінген құйма өнімді алдымен шаблонға салып, тексереміз. Бес станоктан өтіп келген өнімді қайраймыз, радиусын келтіреміз. Біздегі жауапты кезеңнен кейін өнім құрастыруға жөнелтіледі. Күніне жоспарға сәйкес 8 өзек жасаймыз. Біреуін қайрап, ретке келтіруге шамамен 1,5 сағатқа дейін уақыт жұмсалады, – дейді негізгі жұмысы жайлы баяндаған Нұрболат Ерікұлы.

Кейіпкеріміз қолданыстағы барлық заманауи жабдықтар екенін айтады. Оны үйрену үшін жаңадан келген мамандарға кәсіпорында арнайы уақыт беріледі.

– Екібастұздағы политехникалық колледжді бітірген соң ферроқорытпа зауытында еңбек еттім. Сол кезі Павлодардағы Торайғыров университетінде көлік, көлік ісі және технология мамандығы бойынша сырттай білім алып, 2013 жылы тәмамдадым. 2017 жылы «Проммашкомплект» кәсіпорнына жүкті іліп, матайтын маман болып орналастым. Кейін, қайрақшы, слесарь, түзеулеуші қызметтерін атқардым. Бүгінде осы бағыттардың бәрін дерлік қатар алып жүрмін. Әрине, алғаш жұмысқа орналасқанда тәжірибем мүлдем болмады. Кәсіпорында біліктілікті көтеретін орталық бар. Осында оқытып, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. Меңгеріп шығуға үш ай уақыт бөлінеді. Өндірістегі алғашқы тәлімгерім Бейбіт Шайхин білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті, бағыт көрсетті. «Ең бастысы – асықпа» деп ақылын айтатын. Аға буынның кеңесімен келесі сатыларға өтіп, бүгінде өзіміз де жастарға тәжірибемізбен бөлісетін шаққа жеттік, – дейді машина жасау саласының маманы.

Қолданып жүрген жабдықтарының бәрі – импорттық озық технологиялы. Басым бөлігі Германияда жасалған. Мұндай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істеу үшін шетелдік шеберлер кәсіпорын қызметкерлерін жан-жақты үйреткен.

Нұрболат Жүсіпәлі дайын өнім қолына тигенде ерекше сезімге бөленетінін айтады. Бір қарағанда кәдімгі жұмыс көрінгенімен, ол үшін айрықша әсер қалдыратын сәтке айналған. Бүкіл бригадамен тынымсыз еңбектің нәтижесін көру келесі күнге күш береді дейді.

– Өзіміздің отандық өнім шығарып отырғанымыз қуантады. Біздің бұйымдарымыз көбінде «Қазақстан теміржолы» кәсіпорнына жөнелтіледі. Ресейге де экспортталады. Алдағы уақытта Беларусь еліне де жол тартады деген жоспар бар. Отандық өнім өндірісіне үлес қосып жатқанымды ойласам, қуанамын. Сапаржайларда теміржолда қолданыстағы өз өнімімді көргенде ұл-қызыма мақтанышпен «мынаны әкең жасаған» деп айтып жүремін, – дейді Нұрболат Ерікұлы.

Кейіпкеріміз күнделікті жұмыста қауіпсіздік техникаларын сақтауға басымдық беретіндерін айтады. Себебі, қатты жылдамдықпен айналып тұратын станоктармен жұмыста асқан сақтық қажет. Сондай-ақ, олар өнімнің сапасына ерекше мән береді. Нұрболат Жүсіпәлі істейтін цехтан шыққан өзек сапаны бақылау бөлімінің тыңғылықты тексерісінен өтеді. Мұндағы мамандар миллиметріне дейін өлшеп қарайды. Дәлсіздіктер барын анықтаса, ескертіп, түзетуге жібереді.

Екібастұздық азамат дәл осы кәсіпорында өркен жайып, өмірінің бақытты сәттеріне себепші болғанын айрықша атап өтті. 2016 жылы отау құрып, аз уақыттан соң «Проммашкомплект» кәсіпорнына жұмысқа орналасқан. Жұмыстың арқасында пәтерлі, көлікті болған. Отбасылық өміріне оң әсері көп болған көрінеді. Жұбайымен екі ұл, бір қызын алаңсыз тәрбиелеп отыр. Бүгінде төртінші перзентін күтіп отырған жайы бар.

Сонымен қатар, заманауи технологиялармен қамтылған кәсіпорынға жастар легі көптеп келеді. Алғашында олар жұмысқа бейімделіп кететіндеріне күмәнмен қарап, үрейленетін көрінеді. Алайда, Нұрболат Ерікұлы сияқты кәсіпорынның тәжірибелі қызметкерлері іздерін жалғайтын жастарға ақыл-кеңес беріп, не нәрсені де ниет болса үйрену әбден мүмкін екенін дәлелдеп келеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.