Елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соған қарамастан, тұрмысы төмен, жұмысы жоқ, мемлекет ұсынған түрлі қолдау шараларынан бейхабар азаматтар азаймай тұр. Олар нені білуі тиіс? Қандай мекемеге баруы қажет? Мұқтаж жандардың мәселесін шешу үшін қандай жұмыстар қолға алынуда?
Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар кімдерге тиесілі? Аймақтың әлеуметтік қорғау саласында қандай мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қанатқызы Қадыровамен сұхбаттасқан едік.
– Самал Қанатқызы, бүгінгі таңда облыс бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың саны қанша және олардың нешеуі мемлекет тарапынан нақты көмек алып отыр? Сондай-ақ, осы санатқа жататын адамдардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Әрине, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету – мемлекеттік маңызы бар басым бағыттардың бірі. Сондықтан елімізде күнкөрісі төмен, яғни жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын аз қамтылған отбасылар мен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалады. Мұндай қолдау аймақ тұрғындарына да көрсетілуде. Атап айтқанда, осы жылдың басынан бері облыс бойынша 1962 аз қамтылған отбасына (8769 адам) атаулы әлеуметтік көмек берілді. Олардың қатарындағы 1–6 жас аралығын-дағы 2561 баланың әрқайсысына 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (6488 теңге) қосымша ай сайынғы төлем жүргізілді. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау тек ақшалай төлемдермен ғана шектелмейтінін атап өткен жөн.
Мемлекеттің негізгі міндеті – отбасына уақытша материалдық қолдау көрсету ғана емес, сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайдан шығуына көмектесіп, табыс деңгейін арттыру үшін мүмкіндік жасау. Сол үшін атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына мән берілуде. Осы мақсатта азаматтарды тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту, кәсіптік және қайта оқыту, кәсіпкерлік бастамаларын дамыту, «Бастау Бизнес» жобасына қатыстыру, мемлекеттік гранттар алу және басқа да қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, мұқтаж азаматтардың санаттарына байланысты жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, қолданыстағы заңнама мен жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес тұрғын үй, әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар адамдар мен балалары бар шаңырақтар үшін де түрлі жәрдем берілуде. Мәселен, есепті кезеңде аймақтағы 909 аз қамтылған отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді.
Тағы бір айта кетерлігі, облысқа қарасты қалалар мен аудандардағы жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен мұқтаж азамат-тардың жекелеген санаттары үшін түрлі төлемдер де қарастырылған. Ағымдағы жыл басынан бері осындай төлемдермен 26 мыңнан астам азамат қамтылды. Сондай-ақ, отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, дағдарыс жағдайларының санын азайту, отбасылық әл-ауқат деңгейін көтеру мақсатында өңірімізде 13 отбасын қолдау орталығы құрылып, жұмыс істеуде.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды немесе отбасыларды ерте анықтап, оларға жедел түрде тиісті қолдау көрсету мақсатында қала-аудан әкімдерінің өкімдерімен 153 мобильдік топ құрылғанын да айта кеткен жөн. Олардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ, ауылдық округтердің әкімдері енген. Ағымдағы жылдың басынан бері отбасын қолдау орталықтары 2 847 қызмет көрсеткен екен.
Облысымызда әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау шаралары үздіксіз жалғаса береді. Осы орайда тұрғындардың әлеуметтік көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгі-зілгенін де білесіздер. Сол бойынша азаматтарға кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың белгілі бір түрін алу құқығының берілгені туралы хабар жіберіліп, оны өтінішсіз проактивті форматта алуға мүмкіндік жасалып отыр. Қазіргі уақытта проактивті форматта әлеуметтік төлемдердің 12 түрі көрсетілуде.
– Кейбір азаматтар әлеуметтік көмек алу үшін ондаған анықтама жинап, бірнеше мекеменің табал-дырығын тоздырып жүргенін айтып жатады. Цифрландыру мен мемлекеттік базалар бар қазіргі заманда неге осындай жағдайлар орын алуда?
– Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қорғау жүйесін цифрландыру мәселесіне айрықша мән берілуде. Соның нәтижесінде, азаматтардың көптеген анықта-маларды өз бетінше жинау қажеттілігі біртіндеп қысқаруда. Әлеуметтік көмекке жүгінген кезде мемлекеттік органдар қажетті мәліметтердің едәуір бөлігін тікелей мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының құрамы, табысы, мүліктің болуы, еңбек қызметі туралы деректер және басқа да мәліметтер пайдаланылады. Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін біріктіретін және отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы бар. Сол арқылы мұқтаж отбасыларды бірден анықтап, оларға тиісті қолдау шараларын ұсыну үшін проактивті форматта қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
Десе де, кей жағдайда азаматтардан жекелеген құжаттар талап етілуі мүмкін. Мұндай мәселелер көбінесе жүйеде қажетті ақпараттар толық болмаса немесе бар мәліметтер сәйкес келмей жатқан кезде орын алады. Оны растау талап етіледі. Сол кезде қиындықтар туындауы ықтимал.
Қазіргі таңда ел азаматтары анықтамалар жинау мақсатында бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, уақыт жоғалтпауы үшін қажетті мәліметтерді электрондық форматта алу ісі жетілдірілуде. Осыған орай жекелеген құжаттар-
дың мемлекеттік базалардан шықпау себептерін анықтап, мұндай мәселелерді болдырмауға бағыт-талған жұмыстар жалғасуда.
– Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларды анықтау бойынша нақты мониторинг жүргізіле ме? Әлде, міндетті түрде азаматтың өзі көмек сұрап келуі тиіс пе?
– Әрине, өмірлік қиын жағдайға тап болған және табысы төмен отбасылар назардан тыс қалмайды. Осы мақсатта Отбасының цифрлық картасы пайдаланылатын болады. Ондағы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтері негізінде әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен отбасылар анықталып, оларға тиісті әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылады, проактивті форматта да ұсынылады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін азамат жалпыға ортақ тәртіп бойынша мансап орталығы, әкімдік немесе портал арқылы жүгінеді. Сонымен қатар, Отбасының цифрлық картасы арқылы да атаулы көмекті тағайындау мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда азаматқа хабарлама жіберіледі және оның келісімінен кейін учаскелік комиссия оның материалдық жағдайына тексеру жүргізеді.
Осылайша, жүйе барлық ақпаратты зерделеп, көмекке мұқтаж жандарды анықтайды. Нәтижесінде, өз құқықтары туралы білетіндер мен көмек сұрайтындар ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі себептермен өз бетінше көмекке жүгінбейтін отбасыларды да әлеуметтік қолдаумен қамтуға мүмкіндік берілмек. Бұл ретте, Отбасының цифрлық картасының деректері әлеуетті мұқтаждарды айқындау үшін негіз болып табылатынын, ал атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы нақты шешім отбасының табысы мен материалдық жағдайын тексергеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданатынын атап өткен жөн.
– Аймағымызда жұмыссыздық бойынша көрсеткіш қандай? Яғни, биыл жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Оның ішінде тұрақты, уақытша жұмысқа орналасқандардың үлесі қалай? Сонымен қатар, өткен оқу жылында колледж, университет бітірген жастардың неше пайызы еңбек етуде?
– Облыстағы статистика органдарының деректері бойынша 2026 жылдың 2 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Ал 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі ақпаратқа сүйенсек, аймағымызда 13 347 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 9 458 азамат (70,9%) тұрақты жұмыспен, 3 889 адам (29,1%) уақытша жұмыспен қамтылды.
Колледж, университет аяқтаған жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске асырылуда. Ағымдағы жылы аталған бағыт бойынша 513 адам еңбекке тартылды. Жоспар бойынша 885 жасты жұмысқа орналастыру көзделуде.
– Жалпы, облысымызда қандай жұмыс орындарына сұраныс жоғары және оның орнын толтыру мәселесі қалай шешіледі?
– Облысымызда 2026–2031 жылдар аралығында кадрларға деген қажеттілік 64,4 адамды құрап отыр. Оның басым бөлігі кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға тиесілі. Яғни, арнайы техникалардың жүргізушілері, дәнекерлеушілер, сондай-ақ, құрылыс саласына қажетті жұмысшылар мен техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс жоғары.
Десе де, аймағымызда қай салаға қанша маман жетіспейтініне нақтырақ тоқтала кетер болсақ, өнеркәсіп – 17,8%, көлік және қойма – 14,6%, қызмет көрсету саласы – 11,3%, білім беру – 9%, денсаулық сақтау – 7%, ал басқа салалар бойынша сұраныс 40%-ды құрауда. Сонымен қатар, педагогикалық және IT саласындағы мамандықтарға деген қажеттілік бар.
Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында өнер-кәсіптік кәсіпорындар, колледждер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық байланыс дамып келеді. Дуалды оқыту мен өндірістік практикаға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, жастарды сұранысқа ие мамандықтарға тарту, кәсіби бағдар беру, жас мамандарды жұмысқа шақыру және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жалғасуда.
– Мүгедектігі бар балалар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мәселесі өте күрделі екенін білеміз. Осы орайда облыста қанша бала түзету, оңалту қызметтеріне мұқтаж және олардың қан-шасы мұндай қолдау шараларын тегін алып отыр?
– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарама-ғында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда қызмет көрсететін 9 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықтар қарт адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған. Сондай-ақ мұндай қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар атынан жеке сектор да көрсететінін айта кеткен жөн.
Биыл жыл басынан бері мүгедектігі бар 524 жеткіншек балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықта-рында тиісті көмек алуда.
– Ал осындай тегін көмек ала алмаған балалардың ата-анасы қайда баруы керек?
– Арнайы орталықтарда арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі қажет. Сол жақтағы мамандар бағыт-бағдар беріп, көмек қолын созады.
– Жасыратыны жоқ, соңғы кезде мүгедектігі бар бала саны артуда. Облысымызда осын-
дай балаларға арналған оңалту орталықтары жеткілікті ме және маман тапшылығы бар ма?
– Облыс аумағында мүгедектігі бар балаларға арналған 6 оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Оның 3-еуі мемлекеттік орталық болып табылады. Аталған орталықтар тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық аурулары
бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Бұл мекемелер тәулігіне 2 ауысым бойынша жұмыс істеп, 120 балаға қызмет көрсетеді. Әр ауысымда 60 бала тиісті көмек алады. Бірақ олардың қатарында аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар жоқ екенін, яғни олар осы есепке енбегенін ескерте кеткім келеді.
Қазіргі уақытта оңалту орталықтарында 350 бала кезек күтуде. Кезекті азайту мақсатында басқарма тарапынан орталықтың бөлімшесін ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Бүгінгі таңда тиісті үй-жай анықталып, онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әбден аяқталғаннан кейін орталық ғимаратты жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жасайтын болады.
– Жалпы, елімізде мүгедек-тігі бар адамдарға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі? Яғни, олар қандай көмек түрлерін алуға құқылы? Шыны керек, бұл туралы біле бермейтін жарымжан жандар да баршылық.
– Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғауға, оның ішінде абилитацияға, оңалтуға және қоғамға кірігуге құқығы бар. Сонымен қатар, мұндай жандарды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, білім алуды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуы тиіс. Осы мақсатта инклюзивті білім беру, тьюторлардың сүйемелдеуі, үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге арналған әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Ақылы негізде білім алатын мүгедектігі бар студенттерге 30-дан 60 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға, сондай-ақ, мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет алуға құқығы бар.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі де сақталатын болады.
Мүгедектігі бар адамдар арнайы әзірленген жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес тиісті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етіледі.
2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдарға 17 510 техникалық оңалту құралдары (ТОҚ) мен қызмет көрсетілгенін атап өткен жөн. Бұл берілген өтініштердің жалпы санының 81%-ын құрайды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға, еңбекке деген қабілеттілігін қалпына келтіруге, жұмыспен қамтуға қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылым нысандарына, көлікке, мәдени-көпшілік ойын-сауық іс-шараларына, спорттық жарыстарға және мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қызметтерге қолжетімділікті қам-тамасыз етуі тиіс. Мұндай азаматтар маңызды шараларға да қатысып, өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға да толық ерікті.
Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етілуге де құқығы бар. Бұдан бөлек, салық салу саласында бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар қарастырыл-ғанын да айта кеткен жөн.
– Облыстағы әлеуметтік қызметкерлердің жұмы-сына тұрғындар тарапынан шағымдар түсе ме және бұл мәселе қалай шешілді?
– Әрине, анда-санда шағымдар болып тұрады. Бірақ басым бөлігі үй жағдайында күтім жасау барысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасыз көрсетілуіне байланысты түседі. Аталған өтініштер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, оларға қарасты орталықтардың, сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдардың басшылығымен бірлесіп, жұмыс тәртібінде қаралады. Әр шағым бойынша тиісті шаралар қабылданады.
– Қарттар үйін паналайтын қорғансыз қариялардың жағдайы қаншалықты қадағаланады? Олардың құқығы бұзылған жағдайда, кім арқылы қорғай алады? Мәселен, өткен жылы Ақсу қаласындағы қарттар үйінде жайсыз жағдай орын алғаны есімізде. Бұл ретте, басқарма тек қызмет көрсетушілердіғана бақылай ма, әлде азаматтардың да мүддесін қорғай ала ма?
– Облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 509 адамды құрайтын 2 мемлекеттік қарттар үйі жұмыс істейді. Аталған мекемелер облыстың қарт адамдарды және мүгедектігі бар адамдардың тұрақты тұруына арналған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес бұл орталықтардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензиялары бар. Сонымен қатар, оларды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, қоғам өкілдері тұрақты негізде бақылап, мекемелерге барып, тексеріп отырады.
Қарттар үйлерінде, сондай-ақ басқармаға қарасты басқа да мекемелерде қызметкерлер тарапынан зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алуға бағытталған жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Орын алған барлық оқиға «Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет – 112» жүйесіне тіркеліп, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіледі.
– Басқарманың басты мақсаты – аты айтып тұрғандай халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелерімен айналысу екенін атап өттіңіз. Осы орайда әлеуметтік бағдарламалар туралы халықтың бәрі бірдей хабардар ма? Өңір тұрғындары мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүр ме? Бұл бағытта мекеме тарапынан ақпараттандыру жұмыстары қалай қолға алынуда?
– Қолжетімді көрсетілетін қызметтер және тиісті әлеуметтік қолдау шаралары туралы халықты ақпараттандыруды басқарма әлеу-меттік желілер, ресми сайт, сондай-ақ, облыс қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім-дері, еңбек мобильділігі орталық-тары арқылы жүзеге асырады.
Атап айтқанда, Instagram әлеуметтік желісінде ағымдағы жылдың басынан бері халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша 256 жарияланым орналастырылды. Сонымен қатар, брифингтер, тікелей эфирлер де өткізіліп тұрады. Басқарма қызметкерлері жергілікті телеарналардағы бағдарламаларға қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен де тығыз жұмыс істеуде.
– Ақпарат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
