Бақыттың бастауы – баспана

Қыр 24, 2026

Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында жаңа көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 200-ге жуық отбасы баспаналы болды. Қоныс тойын қуанышпен қарсы алған тұрғындарға пәтер кілттерін табыс ету рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов арнайы қатысып, жаңа баспаналардың игілігін көретін жандарға ақжолтай тілегін жеткізді.

Асайын Қуандықұлы өз сөзінде баспана кезегінде ұзақ жыл бойы тұрған азаматтардың да бар екенін атап өтті.

— Сіздердің араларыңызда 18 жылдан астам уақыт баспана кезегін күткендер бар. Осы сабырлықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрине, біз кезекті барынша тезірек жылжытуға әрекет жасап жатырмыз. Мәселен, осы күні 193 пәтердің кілті сіздерге табыс етілді. Жылдың аяғына дейін 200 тұрғын пәтерлі болса, келесі жылы бірінші жартыжылдыққа дейін тағы 200 пәтер иесіне беріледі. Осылайша, 2010, 2011, 2012 және 2013 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың сұранысын қанағаттандырамыз деп үміттенеміз. Құрылыс жұмыстары әуежайға апаратын айналма жолға дейін жалғасады. Бүгінде мұнда 1200 орындық заманауи әрі жайлы мектеп бар. Бұл мектеп еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынды. Қазіргі таңда балабақшаның құрылысы жоспарланған. Одан басқа мұз сарайы, көпфункционалдық спорт кешені және де конгресс холлдың құрылыстары қолға алынатын болады. Баршаңызды жаңа шаңырақтарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Осы үйдің іші шаттыққа, қызық пен қуанышқа тола берсін, — деді аймақ басшысы.

Павлодар қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асхат Бейсеновтің мәліметінше, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үй Назарбаев көшесі, 309А мекенжайында орналасқан. Нысанның құрылысы 2025 жылы басталған. Қазіргі уақытта үйдің үш кіреберісі қолданысқа беріліп отыр. Осы бөліктегі пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында бөлініп, жаңа иелеріне кілттері табыс етілді.

– Үш кіреберісте барлығы 253 пәтер қарастырылған. Олардың қатарында бір, екі және үш бөлмелі баспаналар бар. Жалпы тұрғын үй тоғыз кіреберістен тұрады және мұнда шамамен 700 пәтер болады. Үй толығымен кезекте тұрған азаматтарға арналған. Тұрғындардың кейіннен пәтерді жекешелендіруге мүмкіндігі бар. Яғни, бұл – жекешелендіру құқығы қарастырылған жалдамалы тұрғын үй. Ай сайынғы жалдау ақысы пәтердің көлеміне байланысты орта есеппен 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Пәтерлердің аумағы 37 шаршы метрден 93 шаршы метрге дейін жетеді, – деді Асхат Бейсенов.

Бөлім басшысының айтуынша, баспанаға үміткер азаматтар «Отбасы банк» жүйесінде есепте тұрады және жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегіне енгізілген. Пәтерлер кезектілік тәртібімен беріледі. Ал ұсынылатын баспананың көлемі отбасы мүшелерінің санына байланысты белгіленеді.

Жаңа пәтердің кілтін алғандардың бірі – павлодарлық Дмитрий Калинин. Ол 2007 жылы ата-анасынан айырылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген.

– Мен бұл күнді 19 жыл күттім. Шынымды айтсам, осыдан үш-төрт жыл бұрын баспана аламын деген үмітім азая бастаған еді. Бүгін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында отбасыммен бірге екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Пәтердің аумағы 79,8 шаршы метр, 12-қабатта орналасқан. Отбасымызда жұбайым және екі қызым бар. Жаңа үйіміз кең, жарық әрі жоспарлануы да көңілімізден шықты. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келдік, – дейді Дмитрий Калинин.

Айта кетейік, қазірде аймақта 36 мыңнан астам адам үй кезегін күтуде. Соның 29 мыңнан астамы —
облыс орталығының тұрғыны. Таяуда қолданысқа берілген тұрғын үйдің жанында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға арналған. Бұдан бөлек, осы шағын ауданға қарасты Назарбаев көшесінің бірінші желісінде тағы үш кіреберістен тұратын баспана салынып жатыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.