Photo Valeriy BUGAYEV

Кеше облыс әкімдігінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысы және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Аймақ басшысы Асайын Байханов және ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен жиынға қаржы институттары мен агроқұрылымдардың басшылары, сондай-ақ, облыс аудандарының әкімдері шақырылды.

 

Жиналыс барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 5 жыл ішінде жалпы агроөнім көлемін 2 есеге ұлғайту және өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу мәселе-лері сөз болды.

Облыс әкімі Асайын Байханов көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндап, өткен жылғы маусымның күрделі болғанына қарамастан, биыл диқандар егіс жұмыстарын сәтті жүргізіп жатқанын және 15 маусымға дейін аяқтайтынын атап өтті. Майлы және жемшөп дақылдарының егістік алқабын ұлғайту есебінен биыл егіс алқабы 20 мың гектарға ұлғайтылып, 1,7 млн гектарды құрамақ.

— Облыс 175 мың тонна көлемінде тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 17 мыңға жуық ауыл шаруашы-лығы техникасы жұмылдырылды. Арзандатылған дизель отыны кестеге сәйкес жеткілікті мөлшерде жіберілуде. 27 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту үшін алғаш рет облыс бюджетінен 7,2 млрд. теңге бөлінді. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 799,2 млн теңгеге 15 өтінім қабылданып, қаралды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 2,8 млрд теңгеге 113 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржыландырылды. Жалпы, несиеге берілетін болжамды қаражат көлемі 4 млрд теңгеден астам сома болмақ.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы жылдың 15 мамырынан бастап дизель отынын бөлу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Әкімдіктер мен фермерлердің өтініштері бойынша дақылдар түрлері және бір гектарға дизель отыны шығынының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды. Егер бұрын дәнді дақылдарға 1 гектар үшін 15 литр қарастырылса, қазір олар орта есеппен 17-18 литр алады. Бұл өзгерістер дизель отынын биылғы өнімді жинау жұмыстарына бөлу кезінде күшіне енеді.

Сондай-ақ, тыңайтқыш-тармен қамтамасыз ету мақсатында отандық тыңайт-қыштар үшін субсидиялаудың 60 пайыздық ұлғайтылған нормативін көздейтін аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Отандық тыңайтқыш өндірушілермен бөліп төлеу мәселесі де пысықталды.

Биыл Үкімет көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудың барлық мәселелерін шешті.

— Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары аграрлық несие корпорациясының желісімен тек 140 млрд теңге бөлінетін. Биыл жеңілдетілген қаржыландыру 580 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 400 млрд теңге — несие қаражатының қосымша көлемі. Бұл тетіктің жаңалығы қаржы институттарын тікелей субсидиялау мүмкін болады. Бұл аграрларға жылдық 5 пайызбен қаражат алуға жол ашады, — деді Айдарбек Сапаров.

Жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сияқты қаржы институттарының басшылары диқандарға қаржыландыру тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.