Жаңақұрылыс ауылдық округіне қарасты Қоржынкөл ауылының бір көшесі биыл асфальтталады. 2 шақырымдық көшеге тас жол төсеу үшін аудандық бюджеттен 62 млн теңге бөлінген.

Ауылдық округтің әкімі Қайрат Қыдыралиновтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер фирма анықталған. Жұмыстар ағымдағы айдың аяғында басталмақ. Жоспар бойынша асфальт бір ай шамасында төселіп, тақтайдай жол тұрғындар игілігіне тапсырылуы тиіс. Былтыр да аталмыш ауылда көшелер асфальтталған.

Айта кетейік, бұл округке Қоржынкөл, Жаңақұрылыс, Покровка және Тегістік елді мекендері кіреді. Жалпы, осы төрт ауылда барлығы 700 адам тұрады. Округтің дербес бюджетіне жылына шамамен 2 млн теңгедей түсім түседі. Оны жергілікті билік елді мекендердің кішігірім мәселелерін шешуге бағыттайды. Яғни, жарық шамдарды ауыстыру, көшелерді қыста қардан, көктемде қоқыстан тазарту сияқты жұмыстарға жұмсайтын көрінеді.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.