Екібастұз қаласында былтыр жылу желілерінде апат орын алғандықтан, барлық күш-жігер олқылықтарды жоюға жұмсалды. Соның аясында кеншілер шаһарында бұған дейін болмаған жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Өткен қыс екібастұздықтарға оңай болған жоқ. Сондықтан биылғы жылыту кезеңінде тұрғындар бүрсең қақпас үшін ауқымды іс атқарылды. Мәселен, жылу-электр орталығындағы 10 қазандықтың барлығы жөнделді. Оның сегізі күрделі жөндеуден өтсе, екі қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қаладағы 400 шақырымнан астам жылу құбырының 70 шақырымы жаңартылды. Жылу желілеріндегі 95 бекіткіш арматураның барлығы ауыстырылды. №2, №5, №8, №12 жылу магистральдерінде барлығы 5,3 шақырым құбыр қайта қалпына келтірілді. Бұған дейін қалада осындай кең көлемдегі жұмыстар атқарылған емес. Сондықтан биылғы айтулы оқиға ретінде жылу желісін жаңғыртуды атап өтуге толық негіз бар. Су, электр желілерін реттеу ісі де назардан тыс қалған жоқ. Шаһардағы 12 шақырымнан астам су құбыры, 250,4 шақырым жылу желісі жөнделді. Демек, алдағы жылы инженерлік-коммуникалық желілерде айтарлықтай қиындық болмауы тиіс.