Қалалық мекендерде қар еріп, жер қарайғанымен, ауылдарда қалың қар әлі толық ери қойған жоқ. Сондықтан, ауылдық елді мекендерден қар шығару жұмысы қазір қарқынды. Тереңкөл ауданының ауылдарда жоспарлы түрде 7 наурыздан бері қар шығару жұмыстары жүргізілуде.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Смағұловтың айтуынша, қазіргі таңда Жаңабет, Жаңақұрылыс, Октябрь ауылдық округ-теріне қарасты елді мекендерден қар шығарылуда. 24 наурыздағы жағдай бойынша аудан көлемінде ауылдардан 43 200 текше метр немесе 28 800 тонна ақ ұлпа ауылдан алысқа шығарылды. Бұл жұмыстарға барлығы 50 шақты арнайы техника жұмылдырылған. Қар тазалайтын техникалардан бөлек, су сорып алатын ассенизатор, мотопомпалар қолданылуда.

Өткен аптада Песчан, Әулиеағаш, Аққайың, Тереңкөл, Ивановка, Калиновка ауылдарының көшелері қардан тазартылған.

— Қар шығару жұмыстары жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Яғни, қар суы басуы мүмкін көшелерден қарды шығаруға басымдық береміз. Мұндай көшелерден қарды толығымен сыртқа шығарамыз. Одан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша да көшелерді қардан арылтуға күш саламыз, — дейді Дамир Рашидұлы.

Г.МАҒЖАН.