Ауылда мал мен егін шаруашылығында тынбай еңбек етіп жүрген жандарға ерекше құрмет көрсетілді. Үздіктер марапатталып, еңбектері еленді. Мұндай құрмет Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай өтті. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына аймағымыздың түкпір-түкпірінен біз бен сізді азық-түлікпен қамтып отырған қарапайым еңбек адамдары жиналды.

Облыс әкімі Асайын Байханов аймақтың аграрлық сала майталмандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.

— Ауыл шаруашылығы саласы – береке мен байлығымыздың бастауы. Бұл кәсіптің алар орны айрықша. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету ауқымды әрі күрделі жұмыс екенін түсінеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамы ерекше құрметке ие болуы керектігін атап өтті. Сондықтан, ауылдарымыздың құт-берекесін сақтап отырған сіздердің адал еңбектеріңізге бас иеміз. Биылғы жыл оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы өзінің салдарын тигізді. Орын алған ахуал белгілі бір шұғыл шешімдер мен қажетті шаралар қабылдауды талап етті, — деді облыс әкімі А.Байханов. Аймақ басшысы аграрларды қолдау мақсатында қолға алынған шараларға тоқталды. Облыстық бюджеттен 3 млрд теңге мал азығын әзірлеу құнын арзандатуға қосымша субси-дия ретінде таратылды. Осылайша, 1,5 мың шаруа қолдау көрді. Үкіметтің резервінен 6,2 млрд теңге бұған дейін субсидия бойынша қалыптасқан қарызды өтеуге бөлінді. 1300-ден астам шаруа қожалығының қажеттілігі өтелді. Мал азығын әзірлеуге бөлінетін арзандатылған дизель отынының көлемі 2,5 есеге арттырылды. Орман қорынан шөп дайындауға 25 мың гектар жер бөлініп, 20 мың тонна азық әзірлеуге мүмкіндік берді. Облыс қазынасынан «Павлодар» ӘКК-мен бірлесіп, жемдік астықтың тұрақтандыру қоры құрылды. Мерекелік кеште өңірдің аграрлық саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды. Әр бағыт бойынша үздіктер анықталды. Мәселен, «Agro-trade-pv» ЖШС инвестициялар тарту бойынша үздік деп танылса, суармалы алқап инфрақұрылымын дамытуда «Галицкое» ЖШС ерекшеленді. Сүтті мал шаруашылығын қарқынды дамытуда биыл «Ақтоғай-Агро» алға шықса, етті мал шаруашылығы бойынша Аққулы ауданының «Ардақ» шаруа қожалығы үздік атанды. Жылқы шаруашылығын дамытуда Май ауданының «The Zhumagul LTD» серіктестігі басым болса, құс шаруашылығын дамытуда биыл «Turkey Pvl» ЖШС көш басында. Сондай-ақ, жылдың үздік мамандары да анықталды. Железиндік «Ткач» шаруашылығынан К.Ахмеров «Үздік малшы», Галицкое ЖШС-нен А.Маслацов «Үздік зоотехник», баянауылдық «Сарыжайлау капитал» қожалығынан Б.Құрманов «Үздік жылқышы», шарбақтылық «Победа» ЖШС-нен Л.Головенко «Сиыр сауу аппаратының үздік операторы», успендік «БИК» ЖШС шаруашылығының маманы А.Машталер «Үздік механизатор», Төртқұдық ауылының ветеринарлық дәрігері А.Қалыбаев «Үздік ветеринар дәрігер» атанды. «Жылдың жаңа инновациялық өнімі» аталымында «Eco sity» жеке кәсіпкерлігі дараланса, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Павлодар ауданының «Андас» ШҚ үздік деп танылды. Ал үздік өңдеу кәсіпорны ішінен биыл «Молком-Павлодар» компаниясы алға шықты. Сала мамандарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапаттары да табысталды. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, министрліктің Құрмет грамотасы өз иелерін тапты. Министрлік атынан келген Жер ресурстарын басқару комитетінің басшысы Мұрат Теміржанов кәсіби мерекемен құттықтады. Аграрлық салаға биылғы жыл қаржылық ауыртпалық әкелгенін атап өтті. Соған қарамастан, шаруалар табандылық танытып, бар күш-жігерлерін салғанына алғысын білдірді.  Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, мәселен, бидай нарықтық бағамен сатып алынатынын айтты. Корпорация негізінде тұқымдық қор құрылатынын, несиелер мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізілетінін атады. Аграрлық сала ардагерлері мен қызметкерлеріне салалық кәсіподақтың да марапаттары табыс етілді. Сонымен қатар, Баянауыл, Май, Ертіс, Аққулы, Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарының, Екібастұз қаласы мен облыстың ветеринариялық станция ұжымдарына 14 қызметтік көлік берілді. Еңбегі еленген жандардың бірі – Бекен Есекеев. «Ақтоғай-агро» ЖШС-нде астық қырманының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Яғни, жиналған астықтың дұрыс сақталып, тиісінше тиеліп, тұтынушыға жөнелтілуіне жауапты. Аталмыш кәсіпорында 8 жылдан астам уақыт еңбек еткен азамат биыл ахуал ауыр екеніне күрсінеді. Дегенмен, барды сақтауға, ұқсатуға күш салатындарын айтады. Ол облыс әкімінің «Құрмет грамотасына» ие болды. Еңбек адамы жұмысына оң баға беріліп, еленгеніне риза. Ал «Луганск» өндірістік кооперативінің механизаторы Александр Конрад ауыл шаруашылығы саласында сегізінші сыныптан бері механизатор болып еңбек етеді. Бұған дейін Ертіс ауданында жұмыс істеген. 1994 жылы қазіргі шаруашылыққа жұмысқа кіреді. Содан бері кәсіпорын техникаларының үздіксіз жүріп-тұруына жауапты.

— Биылғы ауа райы өте ауыр тиді. Қанша жыл жұмыс істесем де, дәл биылғыдай қуаңшылықты көрмеппін. Шығымдылық тым нашар. Өскенін жинап алдық. Қиындықтар әрдайым болады. Бірақ жолын табамыз. Ел игілігі үшін еңбегімізді жалғастырамыз. Техникамызды жөндеп, қысы-жазы жұмысымызды тоқтатпаймыз. Жастармен тәжірибемізбен бөлісеміз, бірақ келетін жастар аз, — деді білікті механизатор маман. Салтанатты кеш аймағымыздың өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.