Ел ертеңі болар балғындардың балалық шағын қызықты өткізуі үшін Баянауылда бірқатар игі іс қолға алынуда. Солардың бірі — ойын алаңдарының салынуы. Соңғы бір жылдың ішінде өңірдегі бірнеше ауылда он шақты ойын алаңы пайдалануға берілген.

Бүгінгідей үлкен-кіші еріксіз интернетке телмірген заманда аузынан ана сүті кеппеген бөбектердің бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуінің маңызы зор. Осы мақсатта қалалық жерлермен қатар, елді мекендерде де үлкен ойын алаңдарының көптеп салынып жатқаны қуантады, дейді ауыл тұрғындары.

Былтыр ауданға қарасты Бірлік, Шонай, Мәшһүр Жүсіп және өзге де бірқатар ауылда балғындарға арналған ойын алаңдары бой көтерген. Бұл мақсатқа қазынадан қыруар қаржы да қарастырылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Бірлік ауылындағы балалар алаңының құрылысына 39,7 млн теңге бөлініп, бүлдіршіндердің алаңсыз ойнап-күлуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұған жауапты мердігер — «СКЭР» ЖШС жұмысты ойдағыдай орындаған. Қазіргі таңда осы ойын алаңы Бірлік ауылының кішкентай тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Сондай-ақ, өткен жылы өңірдегі халық саны көп Майқайың кентінде екі ойын алаңы пайдалануға берілді. Оның құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарына бюджеттен 47,9 млн теңге бөлінген. Бүгінде майқайыңдық балақайлар қос ойын алаңының қызығын көруде.

Айта кетерлігі, дәл осындай алаңдар Шонай және Мәшһүр Жүсіп ауылдарына да орнатылып, балаларға қуаныш сыйлауда. Бұл бағыттағы игі істер биыл да жалғасын таппақ. Көп кешікпей Қызылтау ауылдық округінің Ақши ауылында жаңа балалар алаңы салынады деп жоспарлануда. Бүгінде оған қажетті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алулар өткізіліп қойған екен.

 

Нұржайна Шодыр.