Облысымызда 2030 жылға қарай суармалы алқаптың ауданы 300 мың гектарға жетеді деп күтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлімдеді.

Биылғы жоспар қазірдің өзінде 1,6 мың гектарға асыра орындалған. Қазіргі таңда облыстағы суармалы жердің жалпы көлемі 161 мың гектарды құрайды. Оның 139 мың гектары ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тиесілі. Бүгінде облыста 17,5 мың гектар алқапта суармалы жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 9 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 8-і биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр. Яғни, ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталса, келесі жылы қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірушілері өз қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген 23 жоба тағы бар. Аталған жобалар іске асса, тағы 21,6 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады дегенді білдіреді. Осылайша, кезең-кезеңімен жүргізілетін жүйелі жұмыс нәтижесінде 2030 жылға қарай суармалы алқап көлемі кемінде 300 мың гектарға жетеді. М.Хамитовтің мәлімдеуінше, суармалы жер көлемін арттыру бойынша жұмыстар Екібастұз, Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында, Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Аққулы, Ертіс, Железин, Успен аудандарында жүргізілуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.