Биыл ауданда 55 түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Оның ішінде 50 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 4 оқушы Үздік аттестаттан үмітті.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, 55 түлектің 47-сі мемлекеттік тілде білім алса, қалған 8-і орыс тілінде оқиды. Таңдау пәні бойынша оқушылардың 50 пайыздан астамы физика-математиканы таңдаған. Бұл пәндер бойынша 26 оқушы тест тапсырады. Ал
9 түлек дүние жүзі тарихы-география, 7 түлек биология-химия пәндерін таңдап қалған. Екі оқушы қазақ тілі мен әдебиетінен сынаққа қатысса, қалған түлектер шығармашылық емтихан тапсырмақ.

Жалпы, ауданда оқушылардың білім деңгейі жаман емес. Өткен оқу жылында 74 түлек мектеп бітірген. Оның ішінде 5 оқушы «Алтын белгіге», 4 түлек Үздік аттестатпен тәмамдаған. Оқушылардың 86,5 пайызы ҰБТ-ға қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен. 64 түлектің 38-і мемлекеттік грант ұтып алған.  Оның ішінде 23 оқушы облыс орталығындағы оқу орындарында білім алып жатса, қалғаны еліміздің өзге оқу орындарын таңдаған.

Биыл мектеп бітіретін түлектердің қатарында Ерсұлтан Ілияс та бар. Ол Аққулы ауылындағы орта мектептен 13 бала түлеп ұшатынын айтады.

— Оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Іштей уайым көп. Бір жағынан, мектебімізді, ұстазымызды қимаймыз. Екіншіден, алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтсек екен деген тілегіміз бар. Қазір информатика және математика пәндерінен білімді арттырудамын. Болашақта IT саласына оқуға түскім келеді. Бұл ретте елімізде жастардың оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Сол мүмкіндіктерді пайдаланғым келеді. Мемлекеттік грантты ұтып алу үшін барымды саламын, —
дейді Ерсұлтан Ілияс.

Ұстаздар қауымы да тәлім-тәрбие беріп өсірген оқушыларының болашағынан зор үміт күтетіндерін айтады.

— Биылғы түлектерімізге зор сенім артамыз. ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, қалаған мамандықтары бойынша грант ұтып алса деп тілейміз. Олардың білім көрсеткіші — ұстазда-рының дәрежесі. Сондықтан биылғы түлектерге ақ жол, үлкен өмірге сәт сапар тілейміз, —
дейді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Қабиден Құрманов.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Аққулы ауданы.