Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды ауызсу мәселесі жыл өткен сайын елді мекендерде оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Ақтоғай ауданы Жаңатап ауылында ауызсу мәселесі жиі туындайтын. Алайда биыл көктемде ел азаматтары бұл мәселені жиындарда жиі көтеріп, мақсаттарына жетті. Енді қазан айына дейін ауылдың әр үйі толық ауызсумен қамтылады.

Аталмыш елді мекеннің тұрғыны Алмагүл Шүркенова бұл мәселенің түйіні тарқаған жоқ дейді. Оның айтуынша, тек бірнеше рет көтергеннен соң оң шешімін тапқан.

— Бұл проблеманы 3-4 жылдың көлемінде көтердік. Тіпті, облыс әкімдігіне бірнеше рет хат жаздық. Барлық ауылда су құбыры салынып жатыр. Неге біздің елдің мекенде де салынбайды? — дедік. Таза ауызсу бәріне қажет. Басында кешенді блок- модульді саламыз деді. Алайда одан адамдар суды қалай тасиды? Одан да әр үйде су болса, тұрғындарға тиімдірек болады. Осы пікірімізді аудан басшылығы құптады. Бүгінде суды үйге тартып берді. Бірақ әзірге қолданысқа берілген жоқ. Күз айларының соңына дейін іске қосылса екен дейміз, — дейді ауыл тұрғыны. Мүткенов ауылдық округінің әкімі Ерік Төлеков осыдан екі жыл бұрын су құбырының орнына кешенді блок- модульді салу керек болғанын алға тартады.

— Аудан әкімі Жаңатап ауылына кешенді блок-модульді салу үшін аудандық бюджеттен 15 млн теңге бөлді. Ауыл тұрғындары КБМ-ды пайдалану тиімсіз деп пікірлерін білдірді. Кейін ол ақша Үкіметке қайта тапсырылды. Биыл ғана су құбырын салуға рұқсат берілді. «Лайфстройинвест» ЖШС 237 млн теңгеге су құбырын тартып, өз қаржысына барлық үйге суды кіргізіп берді. Келесі айда таза ауызсу беріледі, — дейді Е.Төлеков. Алдағы уақытта елді мекеннің мәдениет үйінің жанына футбол алаңы салынбақ. Ол үшін бюджеттен 9,6 млн теңге бөлінді. Мердігер — «Логистик Пв» ЖШС. Сондай-ақ, «Метсервис-ПВ» компаниясы құны 118 млн теңгеге варкаут салуды ұтып алды.

Бетті әзірлеген — Айдана БОРАНБАЕВА.