Шарбақты жалпы орта білім беру мектебіне 1974 жылы мектепті бітірген түлектер келді. Ұстаздар қауымы мен оқушылар осыдан 50 жыл бұрын мектеп бітірген түлектерді қошеметпен қарсы алды.

Оқушылар жасы 70-ке жақындаған қарияларға ән мен биден шашу шашты. Шара барысында 50 жылдық түлектер ұстаздар қауымына білім беру жолындағы адал еңбектері үшін алғыстарын білдірді. Балалық шақтарына саяхат жасап, естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп ішін аралап, алғашқы кабинеттеріне кірді.

Түлектер қауымы «Мектепке тағзым» акциясы аясында ұстаздар қауымына принтерді сыйға тартты.

– 50 жылдан кейін мектебімізге оралып, балалық шағымызды еске түсірдік. Алтын ұямызда өткен күндеріміз әлі көз алдымызда. Қазір мектеп іші заман талабына сай өзгерген. Оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдай жасалған. Оқимын деген балаға мемлекет тарапынан мол мүмкіндік берілген. Сондықтан оқушыларға оқу оқудан жалықпай, ауылдың атын шығаратын үлкен маман иесі болуларына тілектеспін, – дейді Ерболат Жайнақов.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.