Көктем келе жер-жерде қыстан кейінгі ой-шұңқырларды тегістеу, жол жөндеу мен салу жұмыстары басталды. Бұл ретте Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақтарындағы жолдарды реттеу кезінде жергілікті құрылыс материалдары қолданылады.
Екібастұз қаласындағы «Айт-Строй» асфальт-бетон зауыты сағатына 120 тонна асфальт-бетон қоспасын дайындауға қауқарлы. Кәсіпорынның бұл өнімі тек шаһарда емес, көршілес өңірлерде де жоғары сұранысқа ие. Таяуда қала әкімі Аян Бейсекин аталмыш зауыттың жұмысымен танысты.
— Кәсіпорын жол жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін заманауи асфальт төсегіш, автогрейдер, тиегіштер және өзге де арнайы техникамен жабдықталған. Мұндай кәсіпорындарды дамыту өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қалалық инфрақұрылымды жақсартуда маңызды рөл атқарады, — деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, Екібастұз өңіріндегі жолдардың жалпы ұзындығы 414 шақырымнан асады. Оның ішінде 177,9 шақырымы — жалпы пайдаланымдағы жолдар, 236,4 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар. Мердігер ұйымдармен үш жылдық келісімшарттар жасалып, көшелерді күтіп ұстау, кадрлық қамтамасыз ету және қажетті арнайы техникамен жабдықтау жұмыстары шешімін тапты. Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Екібастұз қаласы.
