Ақтоғай ауданында «Батырлармен ел бір сапта» халықаралық жобасы аясында көшпелі кездесу өтті. Патриоттық бағыттағы бұл шараны облыстық фин-угор этномәдени орталығы Мүткенов ауылының және Ақтоғай ауылының орта мектептерінде ұйымдастырды.
Кездесу аудан тумасы, Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновтің ерлігі мен өнегелі өмір жолына арналды. Шара барысында оқушылар мен ұстаздар батырдың соғыс жылдарындағы қаһармандығы туралы тың деректермен танысып, елге сіңірген еңбегі жөнінде мазмұнды ақпаратты алды. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, тарихи тұлғаларды құрметтеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында арнайы танымдық бағдарламалар ұсынды.
Шара аясында қатысушылар аудан батырларының құрметіне орнатылған ескерткіш орындарды аралап, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұл тағылымды сәттер жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, ерлікке тағзым ету дәстүрін нығайта түсті.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
