Жалаулы ауылдық округіне қарасты Балтасап ауылында футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған.
Жалаулы ауылдық округі әкімдігі аппаратының басшысы Бағлан Қалкенованың айтуынша, қазіргі уақытта нысан құрылысы ресми түрде басталып, алғашқы дайындық және жерді тегістеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, алаңның негізгі инфрақұрылымын қалыптастыру, қоршау орнату және алаң бетін дайындау сияқты кезеңдік жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жоба барысында құрылыс сапасына ерекше мән беріліп, барлық жұмыс белгіленген талаптар мен стандарттарға сай орындалуы қатаң бақылауға алынған. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және мердігер ұйымдар белгіленген мерзімдерді сақтауға міндеттелген.
Жоспарға сәйкес, футбол алаңының құрылысы келесі айдың ортасына дейін толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілмек.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Ақтоғай ауданы
