Облыс орталығындағы оқушы саны көп білім ордаларының бірі —   Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебі. Оның ғимараты тар болғандықтан осы уақытқа дейін балалар үш ауысымда оқып келген еді. Бұл мәселені шешу мақсатында былтыр аталмыш білім ордасының жанынан қосымша қосалқы ғимараттың құрылысы басталған болатын. Бұрнағы күні жапсарлас салынған жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.

  Игі шараға аймақ басшысы Асайын Байханов, облыстық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысып, қосымша мектептің мүмкіндіктерімен таныс болды.  Төрт қабаттан тұратын білім беру мекемесінің ғимараты заман талабына сай етіп салынған. Онда даңғарадай 13 оқу кабинеті, жеке асхана, спорт және 110 орындық мәжіліс залы, медициналық пункт бар. Сондай-ақ, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы, психолог, логопед кабинеттері мен хореографиялық студия да жасақталған. Облыс әкімі алдымен білім ордасындағы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмыс жоспарымен танысты. Мамандардың айтуынша, мұнда барлық ата-анаға психологиялық кеңес беріледі деп жоспарлануда.

— Қазіргі таңда толық емес отбасылар көбейіп, ерлі-зайыптылар арасында ажырасу көрсеткіші артты. Көптеген ата-ана балаларын жалғыз өзі тәрбиелеуде. Бұл жағдайдың қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. Оның салдары бала тәрбиесіне, біліміне кері әсерін тигізуде. Осы жағдайды ескере отырып, ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығын ашқанды жөн көрдік. Мұнда барлық ата-анаға өз қалауы бойынша психологиялық, педагогикалық, басқа да көмек түрлері көрсетіледі. Білікті мамандар кеңес береді, – дейді аталмыш білім беру мекемесінің директоры Светлана Завальная. Аймақ басшысы асхананың жағдайымен де танысты. Жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кең асханада бір жолда 90 баланың тамақтануына жағдай жасалған. Сондай-ақ, мұнда бастауыш сынып оқушылары келетіндіктен барлығы жаппай тегін тамақтанатын болады. Олардың құнарлы әрі сапалы ауқаттануы үшін ата-аналардың да күнделікті бақылау жасауына мүмкіндігі бар, деді мектеп басшысы.  Білім ордасында жеке медици-налық пункт те ашылған. Оған қосымша егу кабинеті қарастырылған. Онда балаларға арнайы медбикелер қызмет көрсетеді. Ал робототехника кабинетінде жеткіншектердің ой-өрісін дамытып, ғылым жолына бет бұруына барынша жағдай жасалған. Спорт зал да заманауи үлгіде салынған. Сонымен қатар, мұнда ұл-қыздарға арналған жеке киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Шара соңында Асайын Байханов мектептің мәжіліс залына жиналған ардагер ұстаздар және ата-аналар қауымымен кездесті.

— Қосымша қосалқы ғимарат салу арқылы үш ауысымды мектептің мәселесі шешілгеніне қуаныштымын. Осы уақытқа дейін шыдамдылық танытып келген ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтамын. Мектеп ұжымына жаңа жетістік, мол табыс тілеймін, — деді облыс әкімі. Жиында сөз алған ардагер ұстаз Мария Филинская мектеп мұғалімдері мен оқушылары атынан шексіз алғысын білдіріп, заманауи үлгіде салынған жаңа мектептің жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Қазіргі таңда бұл білім беру мекемесінде 2303 оқушы оқиды. Ал мектеп ғимараты 1420 оқушыға лайықталып салынған екен. Бүгінде осындағы орын саны артып, тапшылық мәселесінің шешілгені көпшілікті қуантып отыр. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлиннің айтуынша, жаңа мектепте 700-ге жуық бастауыш сынып оқушысы білім алмақ.

— Бұл қосымша ғимаратты салудың нәтижесінде орын саны 312-ге көбейді. Яғни, жаңа мектепте бір ауысымда осыншама оқушымыз оқитын болады. Ең бастысы, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Енді бұл мектептегі 2-4-сыныптың шәкірттері 2024 жылдың 8 қаңтарынан бастап жаңа ғимаратта оқуларын жалғастырады. Бұдан былай Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебінің оқушылары екі ауысыммен оқиды. Жалпы, қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге басымдық берілуде. Бұл — осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі, – деді шаһардың бас ұстазы. Айта кетерлігі, 1968 жылы мектептің қабырғасы қаланып, 1991 жылы қосымша тағы бір ғимарат бой көтерген. Биыл бұған жапсарлас екінші қосалқы ғимарат салынған. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары мен жабдықтарына 1 миллиардтан астам қаржы жұмсалған.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.