Торайғыров университетінің қабырғасында инклюзивті білім беруді қолдау және сүйемелдеу жобалық кеңсесі ашылды. Оның жұмыс істеуі үшін интерактивті тақта, кодоскоп, Брайль машина жабдықтары қарастырылған.

Салтанатты рәсімге «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова, Павлодар облысының «Нұр-Ана әлемі» бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова және Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қатысты. Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықовтың сөзінше, қазіргі білім бәріне бірдей қолжетімді болуы керек. Бұл инклюзивті аудитория – тек оқу кеңістігі емес, сонымен қатар әрбір студент өз әлеуетін аша алатын орта құруға деген ұмтылыстың символы.

– Инклюзивті білім беру – әрбір жасқа сапалы білім беруді қамтамасыз ететін жаңашыл бағыт. Осы бағытта университетімізде ерекше білім беруді қажет ететін студенттердің жан-жақты дамуына, кәсіби өсуіне барлық жағдай жасалған. Көптеген студент, әсіресе мақсаты айқын және дарынды студенттер, осы мүмкіндіктерді белсенді қолданады. Биыл жастардың өтініш-тілектері тыңдалып, осындай инклюзивті білім беру кабинеті ашылды, – деді Е.Садықов. Жоғары оқу орнының жастар саясаты, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры Ертарғын Шахман жаңа кабинет ерекше білім алу қажет-тілігі бар тұлғаларға инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық, тәжірибелік-әдіс-темелік қолдау және үйлестіру мақсатында ашылғанын алға тартты.

– Кез келген студент сапалы білім алуы керек. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жастарға үлкен қолдау қажет. Сол мақсатта жоғары оқу орнында түрлі жоба жүзеге асуда. Осы жылы лифтілер қайта жөнделді, есіктер кеңейтілді. Енді ерекше студенттер өзге қатарластарымен бірге білім ала алады. Инклюзивті білім беру кабинетінде қосымша білім алуға, пікірталас жүргізуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Арнайы бөлме интернет желісіне қосылған және университеттің электронды кітапханасына кіру мүмкіндігі қарастырылған. Кітапхана да жаңа әдебиеттермен толықтырылады. Мұғалімдер өздерінің кітап қорындағы әдебиеттерді бере алады, – деп атап өтті ол. Бүгінде Торайғыров универ-ситетінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 36 студент оқиды. Оның ішінде бірінші курстың 22 студенті бар. Солардың бірі – магистрант Арслан Рымбаев.

– Университет бізге барлық жағдайды жасады. Мәселен, лифт жөнделді, есіктер кеңейтілді. Бұл өзгерістердің барлығы биыл оқуға түскен кезде енгізілді, – дейді ол. Айта кету керек, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жол картасына сәйкес, жоғары оқу орнының инклюзивті білім беруге дайындығын қамту 2024 жылға қарай – 60 пайыз деңгейінде, 2028 жылға қарай 100 пайыз деңгейінде болуы тиіс. Сонымен қатар, Торайғыров университетінде барлық оқу ғимараттары мен кампустары пандустармен, арнайы дәретхана-лармен, кеңейтілген есіктермен жабдықталған. А оқу корпусында лифт және тік көтергіш бар. №2 және №3 кампустарда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің жайлы тұруы үшін бөлмелер жабдықталған. Жоғары оқу орнында инклюзивті білім беру мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстары жұмыс істейді. Олар университеттің 350 оқыту-шысын қамтиды деп күтілуде.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттер Торайғыров университетінің баспасөз қызметінен алынды.