Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан білім ордаларын жоғары жылдамдықты интернетпен және білікті мамандармен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілмек.  Сонымен қатар, саннан сапаға көшу мәселесі де талқы-лануда. Осыған орай, жайлы мектептердің қатары 33-ке қысқартылады деп жоспарлануда.

Бұл туралы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабттың отырысында мәлімдеген Премьер-Министр Әлихан Смайылов жайлы мектептердің аты затына сай болуы үшін барлық мүмкіндік жасалуы тиіс, деді. Әсіресе, сапалы интернет пен кадр мәселесіне мән берілуі керектігін тілге тиек етті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жайлы мектептерде еңбек ететін білікті мұғалімдерді даярлау жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагогты даярлау жоспарланып отыр. Үкімет басшысы жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, сондай-ақ білім сапасы бойынша да мықты болуы тиіс екенін атап өтті.

— Жайлы мектептерге қойылатын талаптар мен азаматтардың оларға қатысты үміті көп. Сондықтан онда сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет. Себебі, мектеп дегеніміз – жай ғана ғимарат емес. Ең алдымен, балаларды білімге жетелейтін мұғалім, — деді Әлихан Смайылов. ҚР Оқу-ағарту министрлігіне ұлттық жобаның іске асу барысына күнделікті бақылау жүргізу, кездескен мәселелерді шешу жолдарын көрсете отырып, атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін 401 мектептің 33-і қысқартылмақ. Бұл туралы бұрын бекітілген Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген. Сол арқылы бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, өңірлердегі апатты және
үшауысымды білім беру ұйымдарын жоюға күш салынбақ.

— Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар саны 368 мектепті құрайды. Жалпы, бекітілген ұлттық жобада — 401 мектеп салу керек болған. Яғни, олардың санын 33 мектепке азайту көзделген. Ал ұлттық жобаға сай айқындалған екі ауысымда оқитын мектептердегі 842 мың оқушы орнын 104 мыңға азайтып, 738,2 мың оқушы орнына арнап бекіту ұсынылады. Ұлттық жобаны іске асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі 2 606 596 055 мың теңге болып бекітілген. Енді ол 61,8 млрд теңгеге төмендеп, 2 544 789 842 мың теңге болады, — делінген қаулыда.

Н.АҚЫТЕГІ.