Павлодарлық бір топ өнерлі ұл-қыз биыл 24-28 наурыз аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің ең үлкен қаласы Дубайда өткен «Dubai fest» халықаралық байқау фестиваліне қатысып, бірнеше бағыт бойынша бас жүлдемен оралды.

 

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі хас таланттар бас қосқан байқауда Павлодар қаласындағы Сәкен Майғазиевтің «SMART» өнер мектебінің оқушылары да бақ сынады. Олар вокалдық және аспаптық бағыт бойынша өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, мұндағы «Номад» ансамблі домбыра, шаңқобыз аспаптарында «Ер Тұран» шығармасын ойнап, бас жүлде иеленді. Ал Айдана Бейсембенова, Назым Әбішева, Арайлым Арынғазинова есімді әншілер әуелете ән шырқаса, Ахмедияр Өтемісов, Жансая Сұлтанова, Әлімжан Амангелді есімді жас домбырашылар күмбірлете күй тартып, жеңіс тұғырынан көрінді. Қазылар алқасы қазақстандық өрендердің өнеріне тәнті болып, жоғары баға берген.

Аталмыш өнер мектебінің ұстазы Салтанат Өтемісованың айтуынша, бұл балалар байқауға ғана қатысып қоймай, көктемгі демалысын да көңілді өткізуге мүмкіндік алған.

— Оқушыларымыз демалыс уақытында Араб елінде болғандықтан, сол мемлекеттің қызықты жерлерін де тамашалады. Мәселен, олар Дубайда орналасқан әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаны көрді, Абу-Дабидегі ақ мәрмәрдан салынған алып мешітке барды. Сонымен қатар, осындағы «Miracle Garden», яғни қазақша «Ғажайып бақ» деп аталатын гүл бағын аралады. «Болашақ» музейіне де бас сұқтық. Бастысы, балалар үлкен жеңіспен әрі керемет әсермен туған еліне оралды, — дейді ол. Оның айтуынша, ендігі кезекте өнерлі жастар Грузия елінде өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлауда.

Өнер мектебінің ұжымы мен ата-аналар қауымы халықаралық деңгей-дегі байқауда ел намысын абыроймен қорғап келген жас таланттардың ұстаздары Салтанат Рысбекқызы, Бекзат Жасқайратұлы және Әділ Ғалымжанұлына алғыстарын білдірді. Жеңіспен оралған жерлестерімізді біз де құттықтаймыз.

Нұржайна ШОДЫР.