Кеше Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінің жабылу салтанаты өтті. Игі шара барысында жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын білім додасының басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық және тәжірибелік білімдерін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, дейді мамандар.

Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 27 команда сайысқа түскен. Олардың ішінде Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен 10 аудан және
14 мамандандырылған білім беру ұйымдарынан барлығы 687 оқушы қатысып, білімдерін сарапқа салды.

Сонымен, бірнеше күнге созылған білім сынының қорытындысына тоқталар болсақ, мамандандырылған мектептер арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша І орын — дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейіне, ІІ орын — дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына, ІІІ орын дарынды балаларға арналған №3 гимназияға бұйырды. Аталмыш білім ордаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Үздік олимпиадалық команда — 2024» атағына ие болды.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша І орынды дарынды балаларға арналған №3 гимназия, ІІ орынды дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты және ІІІ орынды «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі алды. Ал қалалар арасында «Үздік олимпиадалық команда — 2024» номинациясы бойынша Павлодар қаласының құрама командасы, аудандық командалар арасында Шарбақты ауданы оқушыларынан құралған топ көш басынан көрінді. Сонымен қатар, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен 338 қатысушы марапатталды. Оның ішінде 56 оқушы — І орын, 102 шәкірт — ІІ орын, 180 оқушы ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Айта кетерлігі, облыстық олимпиада жеңімпаздары енді республикалық білім додасында аймақ намысын қорғайтын болады. Тағы бір қуанышты жаңалық, облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне Торайғыров универ-ситетінің 5 білім гранты және Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 12 гранты табыс етілді. Салтанатты шара соңы павло-дарлық өнерпаздардың ән-шашуына ұласты.

 

Нұржайна ШОДЫР.