Жақында Қарағанды қаласындағы академик Е.А.Бөкетов атындағы  университет базасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XVI Президенттік олимпиада өтті.

Тек 11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған білім сынына бір топ павлодарлық жасөспірім қатысып, жүлделі оралды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Президенттік олимпиада – еліміздің дарынды оқушыларын анықтауға көмектесетін және олардың әлеуетін іске асыруға қолдау көрсететін бірегей жоба болып табылады. Екі күнге созылған аталмыш білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 199 оқушы бақ сынады. Олардың қатарында облысымыздан 13 бала бар. Қуантарлығы, Президенттік олим-пиадаға қатысқан павлодарлық шәкірттер жақсы нәтиже көрсетіп, республикалық кезеңде 6 жүлделі орынға ие болды. Атап айтар болсақ, дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары Сурин Ростислав, Алуа Бисимбаева және Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Нариман Әбішев І орын алды. Ал дарынды балаларға арналған №3 гимназияның шәкірті Яна Солдатенко ІІ орынды, сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №1 лицей-мектебінің оқушысы Александр Людинин мен Екібастұз-дағы №35 мектеп-гимназиясының шәкірті Рауан Темкешев ІІI орынды иеленді. Олимпиададан 1 және 2-орын алған білімді шәкірттерге Әлихан Бөкейхан атындағы университет пен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті оқу гранттарын ұсынды. Айта кетерлігі, бұл білім сынына қатысушылардың жұмысын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының PhD докторлары мен магистрлері бағалады. Олимипиада жоғары деңгейде өтті.

Нұржайна ШОДЫР.