Ел Үкіметі 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті. Оның игілігін алдымен орта білім беру мекемелерінің оқушылары көретін болады. Олардың қатарында павлодарлық шәкірттер де бар.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, аймақ бойынша 77 мектеп аталмыш жоба аясында жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілмек.

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының елдегі интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Оның басты мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту, дейді мамандар. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат қарастыру көзделген. Аталған қаржының көлемді бөлігі, яғни 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат екенін атап өткен жөн.

Жоба аясында қаражаттың басым бөлігі сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға жұмсалатын болады. Алдымен білім беру мекемелерін толық жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға және ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, бизнестің әлеуметтік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазіргі таңда ҚР Оқу-ағарту министрлігі ҚР Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, орта білім беру ұйымдары үшін Starlink технологияларымен ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге кең жолақты қолжетімділікті қамта-масыз ету бойынша пилоттық жобаны бастап кетті. Нәтижесінде, 2027 жылға дейін елдегі барлық білім ордасында интернет мәселесі толығымен оң шешімін таппақ.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі мектептердің 69,6 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып үлгерген. Сондай-ақ, мектептердегі интернетке қойылатын жаңа талаптар белгіленген. Мамандардың сөзінше, 400 оқушысы бар мектептер үшін интернет жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болуы керек. Егер оқушы саны көп болса, онда интернет жылдамдығы 20 оқушыға 1 Мбит/с есебімен артады деп жоспарлануда. Елімізде өткен жылдың басында барлық мектептің 19 пайызы ғана (1,4 мың мектеп) осы талаптарға сәйкес келген болса, қазіргі күні білім ордаларының 69,6 пайызы (5 425 мектеп) жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған.

Облыстық білім беру басқар-масының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, биыл аймақтағы техникалық мүмкіндігі жоқ 33 мектепті Starlink интернет желісіне қосу жобасы іске асырылатын болады. Қалған 77 мектеп «Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылады деп жоспарлануда.

Осылайша, алдағы 3 жылдың ішінде қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Нұржайна ШОДЫР.