Елімізде арнайы және кәсіптік білім беру саласын дамытуға айрықша мән берілуде. Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есе артып, оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Бүгінде 518 қазақстандық кәсіпорын
410 колледжді өзінің қамқорлығына алып, ондағы білім алатын жастарға жан-жақты қолдау көрсетуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпа-раты бойынша, қазіргі таңда елімізде 772 колледж бар. Онда барлығы 540 мыңнан астам студент оқып жүр.

– Қазақстан үкіметі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті маман дайындауға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қазақстандық студенттердің 65 пайызға жуығы тегін білім алуда. Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кадрларды мақсатты әзірлеу, сондай-ақ еліміздің әрбір макроөңірінің тапсырысы бойынша колледждерді бейімдеу жүргізілуде. Қазақстандық колледждер халықаралық аккредитациялаудан өтуде. Біз осы бағыттағы жұмысты әлі де күшейтуді көздеп отырмыз, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, елімізде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру, әлемдік үздік кәсіби стандарттар мен тәжірибелерді енгізу мәселесіне басымдық берілуде. Бұл ретте, өндірісті өңір саналатын Павлодар облысы қазіргі заман сұранысына сай білікті мамандар даярлау жағынан республикада көш басынан көрінуде. Былтыр облысымызға іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтағы ІТ-саласында кадрларды даярлау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жоғары баға берген болатын.

– Ел Президентінің тапсырмасы бойынша 9-сынып түлектерін колледж-дерде тегін оқытумен және сұранысқа ие мамандықтармен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Жыл сайын бала саны артып келеді. Мәселен, соңғы 3 жыл ішінде колледж студенттерінің жалпы саны 5 мыңға көбейді. Қуантарлығы, оқуды аяқтағаннан кейін түлектер дипломмен қатар жаңа мамандықтар курсы мен жұмысқа орналасу туралы сертификат алып шығады. Яғни, кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрлар даярланып, оқуын аяқтаған соң олар міндетті түрде жұмысқа орналастырылады, – дейді облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова.

Атап өтерлігі, жыл сайын қазақстандық колледждер базасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «WorldSkills» чемпионаты үнемі өткізілуде. Өткен жылы тарихта тұңғыш рет қазақстандық студенттер «EuroSkills» халықаралық додасында тамаша көрсеткішке қол жеткізді. Ал Павлодар облысы «WordSkillsKazakhstan-2023» ұлттық кәсіби шеберлік байқауында ел бойынша үздік төрттікке енген. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Өңірдің көш басынан көрінуі жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.

Нұржайна ШОДЫР.