Мектеп қашан жөнделеді?

Ақп 27, 2025

Егіндібұлақ жалпы орта білім беру мектебінің қазіргі халі мүшкіл. Себебі, білім ордасының қабырғасы қаланғаннан бері, яғни жарты ғасыр уақыт бойы мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Аталмыш мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлмира Еңсебаеваның айтуынша, білім беру мекемесінің құрылысы 1974 жылы салынып, 1975 жылы пайдалануға берілген.

— Әу баста білім ұясы 120 балаға лайықталып ашылған. Бірақ бүгінде бұл қазақ мектебінде 65 шәкірт оқып жатыр. Мектебімізге жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау сияқты ағымдағы жөндеу жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Алайда бір рет те күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Қазіргі уақытта білім ордасының ғимараты әбден ескіріп кеткен. Әйнектердің жақтаулары да тозып, шіріп жатыр. Қатты аязды күндері мекеме іші салқындап кетеді. Осылайша, мектебіміз тек сылап-сипап күтудің арқасында ғана әзер тұр, — дейді Гүлмира Қалиқызы.

Қуантарлығы, көп ұзамай елу жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген бұл білім беру мекемесінің мәселесі оң шешімін таппақ. Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша күн жылынып, көктем шығысымен Егіндібұлақ жалпы орта білім беру мектебінде жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Осы мақсатқа қазынадан 197 млн теңге көлемінде қаржы да қарастырылып қойған.

— Амандық болса, биыл наурыз айының соңында мектебімізде күрделі жөндеу жұмыстары басталатын болады. Бұл жолы білім беру мекемесінің едені, есік-терезелері, шатыры, электр желісі жүйесі жаппай ауыстырылып, жаңартылады деп күтілуде. Заманауи кабинеттеріміз жоқ еді. Осы жағдай да ескеріліп, биология мен физика кабинетіне тапсырыс берілді. Демек, алдағы жаңа оқу жылын оқушыларымыз таза әрі жайлы мектепте қуанышпен қарсы алады деген үміттеміз, — дейді мектеп директорының міндетін атқарушы. Оның айтуынша, бүгінде мектеп оқушыларының арасында 13 үздік, 26 озат бар. Яғни, шәкірттердің оқу үлгерімі ойдағыдай деп айтуға болады. Сонымен қатар, егіндібұлақтық шәкірттер аудандық, облыстық пән олимпиадаларына, ғылыми жобалар сайыстарына және басқа да түрлі тақырыптағы оқулар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралуда екен. Ең бастысы, мектепте маман тапшылығы мәселесі жоқ. Ауыл балаларына 24 мұғалім сабақ беріп, барлық пән жоспарға сәйкес өткізілуде, дейді Гүлмира Еңсебаева.

Нұржайна ШОДЫР.