Ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚазКСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик, қазақтың ән мұрасын жинаушы, фольклоршы әрі әнші жерлесіміз Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шаралар өңірдегі білім беру мекемелерінде ұйымдастырылуда. Соның дәлеліндей, жақында облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында «Сәтбаевтың сара жолы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. 

 

Шараның шымылдығы танымал тележүргізуші, журналист Әнуарбек Жәлелдің Баянауыл баурайында ғалымға арналып түсірілген «Сәтбаевтың сара жолы» атты деректі фильмімен ашылды. Бұдан соң дөңгелек үстелді жүргізуші, білім ордасының кітапханашысы Алмагүл Бұзаубаева ғұламаның өмірбаянына шолу жасап, бала-ларға құнды мағлұмат берді.

— Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 шақырым қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл — Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Оған Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Ол ауыл молдасынан білім алды, араб, парсы тілдерін меңгерді. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындады. Мектеп Ақкелін ауылында ашылған. Сөйтіп, 1911 жылы Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына қабылданды. Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жазды. Ал соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басын қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды, — деді ол.

Игі шараға арнайы шақырылған Торайғыров университетінің оқытушысы, Мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев та оқушыларға ғұлама ғалымның өмірі, балалық шағы мен ғылымға қосқан ерен еңбектері жөнінде әңгімелеп берді.

— Қаныш – қазақтың маңдайына біткен ғұлама. Ол бала кезінен бастап ғылымға бет бұрған. Өзге балалар дорба-дорба асық ойнаса, Қаныш ақ тас жинаған екен. Яғни, сол кезден-ақ геоло-гияға бейімделгенін байқауға болады. Оның еңбегі туралы жақсы естеліктер бар, іздеп оқыңдар. Әкесі Имантай да өте білімді адам болған. Демек, ғалым — тектінің тұяғы.

Тағы бір таңқалатыным, Қаныш сол заманда ағылшын тілін үйре-нуге ден қойған. Сонау 30-ыншы жылдары ел-жұрт қазақша оқуға зар болып жүргенде, ол ағылшын тілін меңгеріп, болашақта оның қажет екенін сезген. Міне, осындай тау тұлға жайлы, оның ұшан-теңіз еңбегі туралы айтып біту, тіпті де мүмкін емес, — деді Айтмұхамет Қасымбайұлы. Сондай-ақ, ол Қаныш Имантайұлының көпшілік біле бермейтін ерекше қасиетте-ріне де тоқталып, әсіресе, өндіріс орындарын ашудағы зор еңбегін айрықша атап өтті. Ашаршылық кезіндегі жерлестеріне жасаған жанқиярлық көзсіз ерлігін де сөз етті.

Жерлес ғалымның құрметіне арналған шараға қатысқан оқушылар айтылған әңгімелерді ұйып тыңдап, үлкен әсермен қайтты.

Айта кетерлігі, Қаныш Сәтбаев — аса көрнекті геолог ғалым ғана емес, қазақтың мәдениеті мен өнерін дамытуға үлкен үлес қосып, Алматыдағы Өнер институтының ашылуына себепкер болған азамат. Ол домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін орындауды ұнатқан. Талантты жерлесіміздің орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыкатанушы-фольклорист Александр Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақтың дәстүрлі әнін жазып алып, нотаға түсірген екен. Соның бірі — халық әні «Баянауыл». Бұл әнді музыкалық колледждің түлегі, республикалық байқаулардың лауреаты, облысқа танымал дәстүрлі әнші Тәттімбет Жасқайратұлы әуелете шырқап, қошеметке бөленді. Сондай-ақ, шара барысында «Қазақтың ұлы ғалымы» атты шағын кітап көрмесі де ұйымдастырылып, көрермен назарына ғалым жайлы мағлұматтар ұсынылды.

Жиын соңында қатысушылар дөңгелек үстелді ұйымдасты-рушы ұстаздар Маржан Ахмедиева, Бақытгүл Байсельдінова және кітапханашы Алмагүл Бұзаубаеваға мазмұнды кеш үшін ризашылықтарын білдірді.

Нұржайна ШОДЫР.