Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына 10 жыл. Аталмыш оқу ордасы өңіріміздегі ең озық білім беру ордасы атанып, ұстаздар мен шәкірттері артылған сенімді абыроймен ақтауда.

Таяуда оқу орнының 10 жылдығына арналған «Жарқыра білім-нің көгінде» атты салтанатты шара өтті. Шараға облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, тұңғыш мектеп директоры Дәуірхан Пірмағанбет, өзге де мәртебелі қонақтар қатысты. Самал Оспанқызы барлық ұжымды және оқушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, өңіріміздің атағын аспандатып жүрген табысты мұғалімдерге облыс әкімі Асайын Байхановтың Құрмет грамотасы және Алғыс хатын тапсырды. Мектеп іргетасы қаланған уақыттан қажырлы еңбек атқарып келе жатқан бірқатар ұстаздарды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқармасы Төрағасының орынбасары Азамат Жанкеев құттықтап, мектеп ұжымының қызметкерлеріне Құрмет грамотасын ұсынды. Еңбектерін атап өтті. Салтанатты шара барысында бірнеше мұғалімге Назарбаев мектебі басшылығының марапаттары табыс етілді. Директорының Алғыс хаты берілді. Кеште мектептің алғаш іргетасын қалап, білім ордасының шамшырағын жаққан тұңғыш мектеп директоры Дәуірхан Пірмағанбет естеліктерімен бөлісіп, мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты жиында білім ордасының директоры Думан Сапаков жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бүгінгі таңда мектеп ұжымы мен оқушылары жоғары табыстарымен қуантып жүргенін атап өтті. Алдағы уақытта да сәттілік, шығармашылық тіледі. Мерейтойға арналған шарада шәкірттер жиналған қауымға театрландырылған көрініс қойып, мазмұнды концерт ұсынды. Назарбаев Зияткерлік мектебі әу баста алдына қойылған озық білім беру ордасы болу мәртебесін одан әрі абыроймен қорғап, биіктерден көрінетініне сенеміз.

Өз тілшіміз.