Ертіс ауданына сапарымыздың барысында Панфилов ауылдық округіне ат басын тіреген едік. Ресеймен шекарада орналасқан округ орталығы — Панфилов ауылында шамамен 700 адам тұрады. Ауылдық округте бірнеше Кеңес Одағының батыры және Еңбек ері дүниеге келген.

Панфилов ауылдық округінің әкімі Асылбек Кәрібаевтың бастамасымен былтыр заманауи футбол алаңы, биыл балалар алаңы пайдалануға берілді. Алдағы жылы ауыл орталығында спорт алаңын жабдықтап, мәдениет үйін күрделі жөндеу және жеті көшеге жол салу жоспарлануда. Елу жылдан астам тарихы бар Панфилов жалпы орта білім беру мектебіне барғанымызда, білім ошағының іші-сыртының жинақылығы бірден байқалды. Мектеп ауласында қолбасшы Панфиловтың бюсті орнатылған. Мектеп директоры Жанарбек Тоқтарбаев 2022 жылдың қыркүйегінде мектеп басшысының қызметіне кіріскен. Бұған дейін Иса Байзақов ауылының әкімі, Ертіс ауданының мәдениет және білім бөлімінің басшысы, Қосағаш ауылының мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарған Жанарбек Табылдыұлы мектептің жұмысын да дөңгелетіп отыр. Оған білім беру мекемесінде жүйелі атқарылып отырған жұмыстар дәлел. Бүгінде үш қабатты ғимаратта орналасқан мектепте барлығы 74 оқушы білім алуда. Білікті басшы мектеп оқушыларын жаппай ыстық тамақпен қамту мәселесін жолға қойған. Балалардың тең жартысы бюджет есебінен тегін ыстық тамақ ішсе, қалғаны демеушілер есебінен қамтылып отыр. Мектеп мұғалімдеріне де асханада жеңілдік қарастырылған. Мектепте қызмет ететін 29 мұғалім — білім беру ісінің қыр-сырын меңгерген, маман-дығына адал жандар. Мұғалімдер арасында осы ауылдан түлеп ұшып, жоғары білім алған соң білім нәрімен сусындатқан мектептерінде қызмет етіп жүрген мамандар да бар. Ұстаздар әулетінен шыққандар да аз емес. Ұйымшыл ұжым кез келген бастамаға қолдау көрсетіп, қол ұшын беруден тартынбайды. Мектеп директоры білім ошағында домбыра үйірмесі мен музыка кабинетін ашуды қолға алғанда мектеп ұжымы бір кісідей атсалысып, кабинетті өз күштерімен безендірген. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Мұрат Қожанов қабырғаларға атақты күйші Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың портреттерін салыпты. Жас өнерпаздарды ұлттық аспаптармен ата-аналары қамтамасыз еткен. Үйірмеден тыс уақытта аспаптар кереге пішінінде безендірілген қабыр-ғада ілулі тұрады. Павлодар музыка колледжі және Павлодар мемлекеттік педагогикалық универ-ситеттің түлегі Ботагөз Жарасова Ертіс аудандық өнер мектебінің филиалы мен Панфилов орта мектебінде домбырашылар үйірмесінің жұмысын қатар алып жүр. Бүгінде оқушылардан құралған шағын домбыра оркестрінің репертуарында ондаған ән-күй бар.

— Үйірмеге 1-11-сынып аралы-ғындағы балалар қатысады. Вокалдық дуэт пен вокалдық топ бар. Өнер мектебі филиалының түлектері музы-калық білімін жалғастырып, ары қарай музыкамен айналысуда. Олардың бірі Зарина Қинаятова педагогикалық университетте музыка пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеруде. Айнұр Қожанова домбырада шебер ойнайды, әнді жақсы айтады. Әскери жолды таңдаған Дамир Жамбылов әлі де домбыраны серік етіп келеді, концерттік бағдарламаларда өнер көрсетеді, — дейді Ботагөз Жарасова. Мектептің алғашқы әскери дайындық оқыту-шысы Серік Арынов мектепте әскери даңқ мұражайын ашуға мұрындық болды. Бұған дейін дәлізде тақырыптық стендтер ғана ілініп тұрған. 2017 жылы алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің бастамасымен мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарының күшімен жаңа мұражай ашылды. Мұнда оқушылар ауыл тарихымен, елімізден, облысымыздан және Панфилов ауылдық округінен майданға аттанған Ұлы Отан соғысының батырларының өмір-баяндарымен, ерлік істері-мен таныса алады. Мұнда мектепке аты берілген әскери қолбасшы Иван Панфилов және көптеген майдангерлер туралы ақпарат бар. Осы ауылдан майданға аттанған 45 адамның жартысы ғана елге оралған. Панфилов ауылдық округінен Горобец, Скляр, Кутурга сынды Кеңес Одағының үш батыры шыққан. Мұражай сөрелерінде ардагер ауылдастарының құжат-тарының көшірмелері, жеке заттары қойылған. Сондай-ақ «Панфиловшылар» қозғалысының іздеушілері тапқан экспонаттар да осында орналасқан. Оларды Павлодар қалалық №14 мектептің мұражайына тапсырылуына Панфилов ЖОББМ түлегі Асхат Сачанов ықпал етіпті. Серік Арыновтың сыныптасы Сергей Саруджиди игі іске демеушілік еткен. Осылайша, ауылда мектеп мұражайының жұмысы қайта жанданды. Ауыл балалары үшін мектепте волейбол, бокс, робототехника, шахмат секциялары бар. Жас шахматшыларды даярлауды тарих пәнінің оқытушысы Марат Ахметов жүргізеді. Мұғалімдер әулетінен шыққан ол шахмат арқылы жасөспірімдердің интеллектуалды дамуына үлес қосуда.

— Біз секцияны 2017 жылы аштық. 2019 жылы мектептің 50 жылдық мерейтойын өткіздік. Демеушілер – Шәкіровтар отбасы шахмат кабинетін жабдықтады. Қазір мұнда 15-20 бала үнемі айналысады. Олар көптеген жетістікке жетті. Кабинет бұрышында орналасқан сөреде олардың кубоктары мен грамоталары қойылған. 2022 жылы оқушымыз 10 жасқа дейінгі санатта облыс чемпионы атанды. Өткен жылы аудан кубогына ие болдық, — дейді Марат Ахметов. Бокста да айтарлықтай жетістіктер бар. Панфилов балаларына бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтыру-шысы Амангелді Мәжинов дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ол чемпиондар тобын тәрбиелеп шығарды. Мектеп мақтаныштарының қатарында спортшылардың суреттері де ілулі тұр. Панфилов орта мектебінің түлегі, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Теміржановты ауылдастары мақтан тұтады. Бір айта кетерлігі, мектептің 50 жылдық мерейтойына орай әкімшілік 1970 жылдан бастап 2019 жылға дейін түлектердің фотосуреттері жинақталған үлкен стенд жасапты. Бұл қабырғадан қаншама шәкірт түлеп ұшқан, әлі қаншасы өмірге қанат қағады. Мектеп оқушыларымен қатар мұғалімдер де спорттық жарыстарға белсенді түрде қатысады. Аудандық кәсіподақтар спартакиадасында мұғалімдер командасы бірнеше мәрте жеңіске жетті. Ал математика пәнінің мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі Кенжегүл Нұртазина үстел теннисінен ауданның 20 дүркін чемпионы атанған. Білім ошағында жасалған қолайлы жағдай оқушылар мен мұғалімдердің білім және спорт жарыстарында жақсы жетістіктерге жетуіне ықпал етіп отыр. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да жақсы үрдістер жалғасын табатынына сенімді.

 

Т.ӘБІЛДА,

Ертіс ауданы.