Тестілеу жалғасуда

Нау 7, 2025

Елімізде наурыз айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталды. Бұл жолы 163 мыңға жуық қазақстандық мектеп бітіруші білімдерін таразылайды деп жоспарлануда. Олардың қатарында Павлодар облысы бойынша 4 мыңнан астам талапкер бар.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мәліме-тінше, наурыз айында ҰБТ-ға қатысушылардың 76 пайызы қазақ тілінде, 23,9 пайызы орыс тілінде, 162 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш берген.

Биыл да талапкерлер сынақ өтетін күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайтын болады. Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған ақпарат бойынша талапкерлердің көбі бейіндік пән ретінде биология-химияны таңдаған. Сондай-ақ, мектеп бітірушілердің 17,5 пайызы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді жоспарлаған. Ал 17,1 пайызы математика-физика, 10,5 пайызы математика-информатика пәндерін таңдап, инженер және IT мамандықтарына баратынын жоспарлағаны белгілі болды.

Айта кетерлігі, ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша алынады. Тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан беріледі. Ең жоғары балл – 140. Тестілеуге 4 сағат (240 минут) уақыт белгіленген. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт ұсынылады.

Тестілеу шарасы ағымдағы жылдың 6 сәуіріне дейін жалғасады. Сонымен қатар, бұл жолғы ҰБТ нәтижесімен тек жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне ғана  түсуге мүмкіндік беріледі.

Н.АҚЫТЕГІ.