Әр бүлдіршіннің бақытты отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы бар. Алайда кей ата-аналар өмірдің қиындығына төтеп бере алмай, балаларын өзегінен тебеді. Соның салдарынан елімізде қаншама сәби жетім атанып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.

 

Елімізде 2013 жылдан бері сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында «Аналар үйі» жұмыс істеп келеді. Мұнда жас аналарға, жалғызбасты қыз-келіншектерге баспана мен материалдық көмек, құқықтық, психологиялық қолдау көрсетіледі әрі нәрестелердің де аман-сау өсуі үшін барлық жағдай жасалған. Қордың 11 жылдық жұмысы мен жүзеге асырған жобалары барысында 7000-нан аса бүлдіршін балалар үйіне түспей, аналарымен бірге қалған.

Жуырда «Аналар үйі» қоғамдық қоры облыстағы балаларды асырап алушы ата-аналар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, алмастырушы отбасылардың қордаланған мәселелері жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырды.

«Ана үйі» қорының өкілі, волонтер Салтанат Сипатилованың айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта «Аналар үйін» 300-ге жуық ана мен бала паналап отыр. Мұнда төрт жылдан бері 2810 бала жетімектің күнін кешпей, ана мейіріміне бөленіпті.

— Өкінішке қарай, бүгінде елімізде аналар үйінің саны артып келеді. Көп адам біздің жұмысымыздың мақсатын түсіне бермейтіні тағы бар. Қызметіміздің мақсат-міндеттерін және бала асырап алушы отбасылардың арасында кездесетін мәселелердің шешімін табу мақсатында облысымызда алғаш рет дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге мемлекеттен қолдау алу мақсатында мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, депутаттарды және қоғамдық қор өкілдерін шақырдық, — деді ол.

Жиын барысында шараға қатысушылар балаларға берілетін жәрдемақының төмен екендігін атап өтіп, атаулы көмекті
10 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін ұлғайтуды талап етті. Сондай-ақ, сүйемелдеу қызметтерінің, арнайы бағдарламалар мен тренингтердің болмауы, психологиялық қолдаудың төмен екенін атап өтті. Одан бөлек, көптің талқысында жүрген баспана мәселесі де әлі күнге дейін өзекті екенін айтты.

Кездесуге Ақмола облысының тұрғыны, көпбалалы әке Мұрат Қабылбаев қатысты. Ол өз өмірінің оқиғасын баяндап, тәжірибесімен бөлісті.

— Жұбайым екеуіміз 10 жылға жуық уақыт бойы бала сүйе алмадық. Алайда арамызда ешқашан ұрыс-керіс болмаған. Тек Алладан үмітімізді үзбедік. Араға біраз жыл салып тілегіміз қабыл болды. Дүниеге ұлымыз келді. Ол дүниеге келместен бұрын Орынбасар екеуіміз «Баламыз дүниеге келсе, тағы бір бала асырап аламыз» деп ниеттенген едік. Енді ұлымыздан соң ойымызды іспен дәлелдейік деп балалар үйінен бірден
3 баланы асырап алдық. Олардың есімдері – Төлеген, Болат және Темірлан. Бүгінде 16 баланың әкесімін. Олардың арасында қазақ, орыс, украин, тәжік ұлтының өкілдері бар. Балаларымның арасында ұлттары әртүрлі болғанымен, қазақ  халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін толық меңгерген, — деді ол.

16 баланың әкесі мемлекеттен балаларды қамтамасыз ету мақсатында көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Алайда ай сайынғы берілетін көмек бүлдіршіндердің күнделікті тамағынан аспайтынын тілге тиек етті.

— Бір балаға 40 мың теңге көлемінде жәрдемақы түседі. Бірақ ол жетпейді. Өзім ауылдық жерде тұрамын. Жолдасым екеуіміз мал шаруашылығымен айналысымыз. Сол шаруашылықтың арқасында балаларды қамтып отырмыз, — дейді М.Қабылбаев.

Шарадан  соң көпбалалы әкенің «Маған аспанды көрсетші» атты еңбегінің тұсауы кесілді. Онда автор отбасының алғашқы ортақ қадамдары, бала асырап алудағы қиындықтары мен қызық жағдайлары туралы баяндаған.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.