Облыстық мәслихаттың азаматтардың, шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Мұнда «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі талқыланды.

Комиссия қарауына 7 азамат ұсынылды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов ұсынылған азаматтар бұған дейін өңірлік комиссияда қолдау тапқанын айтты. Жалпы, биыл облыстың «Құрметті азаматы» атағын беруге аймағымыздан 30 өтінім түскен. Олардың басым бөлігі, яғни, 16 адам Павлодар қаласынан ұсынылған. Тізімде денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, ұлттық қауіпсіздік, құрылыс, өнеркәсіп, мәдениет салаларына елеулі үлес қосқан азаматтар бар. Өңірлік комиссия саралай келе, 7 азаматты мәслихаттың қарауына жолдаған. Атап өтсек, олар — білім саласының ардагері Махмет Демесінов, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сағит Иманғазинов, Зинаида Раздорская, әділет саласының ардагері Боранбай Сқақов, өнеркәсіп саласының ардагері Орынжан Қабдылов, құқық қорғау саласының ардагері Ерғанат Дүйсекенов, мәдениет саласының ардагері Балтабай Сыздықов. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Маханбет Амангелді бастаған депутаттар үміткерлерді бірауыздан қолдады. Яғни, халық қалаулылары жарты ғасырға жуық өңірдің өркендеуіне, қоғамдық өміріне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің еңбегіне еш шүбә келтіруге келмейтінін, бәрі де әбден лайық екенін айтты.    Облыстық мәслихаттың кеше өткен сессиясында аталмыш азаматтарға облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру бекітілді. Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко ардагерлердің аймағымыз үшін атқарған еңбегі зор екенін атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.