Астана қаласында республикалық «Үздік педагог — 2023» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш байқау 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Екібастұз қаласының №25 қазақ қыздар гимназиясының тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі Махаббат Балтабекова биылғы байқаудың жеңімпазы атанды.

Марапаттау рәсімінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарға салтанатты түрде марапаттарын табыс-тады. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік деп танылды. Жеңімпаздардың қатарында Екібастұз қаласының    №25 қазақ қыздар гимназиясының тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі Махаббат Балтабекова үздік ұстаз деген атаққа ие болды. Махаббат Балтабекова – тарих пәнінің мұғалімі. Республикалық сайысқа үш жыл қатарынан қатысқан тәжірибелі ұстаз биыл сайыста жеңіске жетіп, оқу-ағарту министрінің марапатына ие болды. Жетістігінің басты кілті – оқушыларды тек білімге емес, адамгершілік қасиеттерге де баулуы.

— Ең бастысы – адамгершілік. Білім өз алдына, дегенмен, ең бастысы – толық адам, кемел адам болу керек. Қайырымдылық, адамгершілік, мейірімділік – әрдайым әлемді құтқаратын, бірінші орында тұратын, бала бойынан табылуы керек қасиеттер деп ойлаймын. Әрине, сонымен бірге білімге деген, үнемі ізденісте болуға деген қасиеттер қажет, — дейді Махаббат Балтабекова. Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында барлығы 624 педагог үздік атанған. Жалпы, байқауға қатысу үшін барлығы 961 өтінім берілді. Конкурстың өңірлік кезеңіне барлығы 13 педагог қатысты. Оның ішінде 1 қатысушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымынан, төртеуі мамандандырылған білім беру ұйымынан, 8 ұстаз жалпы орта білім беру ұйымдарынан ұсынылды. Облыстық іріктеу қорытындысы бойынша байқаудың республикалық кезеңіне 4 педагог өтті. Конкурс автоматтандырылған және ашық түрде өтті. Республикалық конкурс комиссиясының құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіпо-дағының өкілдері енді. Осы күнге дейін Павлодар облысы бойынша 36 педагог үздік деп танылып, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді.

Өз тілшіміз.