Аймақтың ұстаздар қауымы Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайына ағылды. Өйткені, мұнда мұғалімдер күніне орай салтанатты кеш өтті. Өңіріміздің ардагер ұстаздарына, білім саласында үздік жетістіктерімен көзге түскен мұғалімдерге құрмет көрсетілді.

Салтанатты кеште сахнаға алдымен аймағымыздың жас ұстаздары шығып, мұғалім мен мектептің маңызын айқындайтын Абайдың қара сөзінен, Алаштың арыстары Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің аталы сөздерінен үзінді оқып, ұстаздың орнын салмақтай түсті. Облыс әкімі Асайын Байханов мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, лайықты марапаттарын табыс етті.

— Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қазақтың ағартушы ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы «мұғалім — мектептің жаны мен жүрегі» дегендей, әр ұстаздың орны ерекше. Павлодар облысы — білім беру саласында әрдайым алдыңғы қатарда. Бұл — сіздердің ақ адал, маңдай термен қол жеткізген еңбектеріңіздің нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау — өте маңызды міндет. Қажымас еңбектеріңізге алғысымыз зор. Өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолында табыс, сарқылмас қуат тілеймін, — деді облыс әкімі Асайын Қуандықұлы. Осы орайда аймақ басшысы өңірдің 82 ұстазы бүгінге дейін «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталғанын, өңірдің 36 мұғалімі «Үздік педагог» атанғанын айтты. Қазіргі таңда аймақтың білім беру саласында 300 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Облыстың білім беру қуаты мықты екеніне тоқталды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 287 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Салтанатты кеште үздіктер түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Мәселен, аймақтың білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар ардагер ұстазға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды. Шәкірттері түрлі жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген мұғалімдердің бір парасы «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оларға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы берілді. Осындай марапатқа ие болған ұстаздардың бірі — Данияр Аюпов. Ол Баянауыл ауданы орталығындағы Ш.Шөкин атындағы №2 мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Білім саласында 15 жылға жуық уақыт шәкірт тәрбиелеуде.

— Жоғары марапатқа ие болу жауапкершілікті арттыра түсетіні анық. Ерекше сезімге бөленіп отырмын. Марапатым қолға тие, тіпті, іштей алдағы ірі жарыстарға жоспар құра бастадым. Мұндай жетістікке жету үшін, әрине, талмай еңбек ету керек. Бастысы, бұл іріктеуде шәкірттеріміз республикалық, әлемдік жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінуі назарға алынады. Өз басым балаларды робототехникаға баулып, бүгінде айтарлықтай жетістікке жетіп келеміз. Жуырда робототехника бойынша республикалық жарысқа ауданымыздан 3 команда апарып, екінші және үшінші орынды иелендік. Одан басқа да сайыс-тарда бас жүлде алғанымыз бар. Жалпы, ауылда шығармашыл, креативті ойлайтын, техникаға жақын балалар өте көп. Сол жеткіншектерді білім шыңына әлі де жетелей бермекпін, — дейді Данияр Хамзаұлы. Кеште бірқатар ұстазға облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» табыс етілді. Сонымен қатар, ұзақ жыл аймақтың білім саласын дамытуға қомақты үлес қосқан ардагер ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Жыл сайын өткізілетін үздік білім беру ұйымы байқауының да қорытындысы шығарылып, бұл атаққа Ертіс ауданы Қарақұдық жалпы білім беру мектебі лайық деп танылды. Ал облыс әкімінің білім беру мекемелеріне берілетін гранттары Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған Сәтбаев атындағы гимназияға, Екібастұз қаласының №6 балалар бақшасына, Павлодар қаласының машина жасау колледжі мен Тереңкөл ауданының Оқушылар үйіне бұйырды. «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы-2023» сайысының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдені Ақсу қаласы №18 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Мәншүк Мағзұмова жеңіп алды. «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы да — ақсулық мұғалім. Бұл атаққа Ақсу қаласының Ы.Алтынсарин атындағы мектептің география пәнінің мұғалімі Рина Худас ие болды. Ұстаздар ұлықталған марапаттау салтанаты аймағымыздың шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.