Ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаздар күніне орай Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында балаларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан мұғалімдерге құрмет-қошемет көрсетілді. Салтанатты жиынға қала әкімі Хасар Хабылбеков қатысып, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы…» деп басталатын ақын Ғафу Қайырбековтің жыр жолдары мейірім мен төзімділікті қажет ететін құрметті мамандықты жанына серік еткен жандардың болмысын ашып тұрғандай. Мұғалім болуды көпшілік армандағанымен, бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты іс.

– Бұл – барша халыққа ортақ мереке. Тәуелсіз елімізде ұстаз еңбегін ерекше бағалау заңдылық. Бүгінде Қазақстан — әлем алдында абыройлы, табысты мемлекет. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз зор. Ардақты ұстаздар, табысты жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді Хасар Хабылбеков. Қала әкімі Х.Хабылбеков Павлодар қаласы білім беру бөлімінің «Алтын кітабына» есімдері енгізілген педагогикалық еңбек ардагерлері Күлмаш Бексейітова, Александр Зозуля және Ғалия Құрманованы сертификаттармен марапаттады. 1998 жылдан бастап бұл «Алтын кітапқа» 64 мұғалімнің есімі енгізілген. Бүгінде Павлодар қаласының білім беру саласында 3 762 мұғалім қызмет етуде. Оның 3129-ы — жоғары білімді, 394-і — магистр, 11-і — жоғары санатты, 76-сы — І санатты, 53-і — ІІ санатты, сонымен қатар, 19 педагог-шебер, 1179 педагог-зерттеуші, 590 педагог-сарапшы, 708 педагог-модератор. Бұл күні Жетекші мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Күлжазира Арынова, №7 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Күләй Камалиева, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің биология мұғалімі Асыл Мусина, №35 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Нәжім Мейрімхан, №33 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Мұхтарова Алтын, №82 арнайы сәбилер бақшасының қазақ тілі мұғалімі Гүлнұр Мұсалдинова, №34 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Пильщикова Наталья қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, №3 сәбилер бақшасы — мектепке дейінгі экоцентр орталығының тәрбиешісі Гүлмира Әлібекова, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің қосымша білім беру педагогі Жұлдыз Сағитова, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының меңгерушісі Сыздықова Әсем қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шара барысында қаланың білім беруіне үлес қосқан педагогикалық еңбек ардагері, ҚР Білім беру үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Павлодар қаласы білім беру қызметкерлерінің «Алтын есімдер» кітабына енген педагог, қалалық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Сәбира Сейітова дәстүрлі «Жыл мұғалімі» және «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі» қалалық сайысынан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ұстаздарға жүлделерін тапсырды.

– Әлемдік өркениетке жетелейтін білімнің бастауында мектеп және мықты, білімді ұстаздар тұрады. Бүкіл әлем мойындаған ұстаздардың орны – төрде. Адамзатты, жас ұрпақты білімге жетелейтін, білік-дағдыларын сіңіретін ұстазға жұртшылық қашан да құрметпен қарайды, — дейді Әлихан Бөкейхан  атындағы лицей-мектебінің тарих пәні мұғалімі Әсия Оспанова.  Сондай-ақ, Павлодар қаласының білім беру жүйесінің білікті қызметкерлеріне ҚР оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Атап айтқанда, №35 мектептің орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Манат Әубәкірова ҚР Оқу ағарту министрлігінің «Орта білім беру iсiнiң үздiгi» Құрмет дипломымен марапатталса, Бауыржан Момышұлы  атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Күлмира Қайырова, Жұмабек Тәшенев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Тоқжан Ақпарова,  №43 орта мектептің бастауыш әскери технологиялық даярлық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Сергей Щетинин ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарына ие болды. Салтанатты жиында дәстүрлі «Жыл мұғалімі» және «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі» қалалық сайысынан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ұстаздар да құрметке бөленді. Кенжекөл мектебінің орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Марат Жұмабеков «Жыл мұғалімі-2023» байқауының бас жүлде иегері атанды. №2 мектептің тарих мұғалімі Қанағат Ерғалиев І орынға, Шапық Шөкин атындағы мектептің тарих мұғалімі Дәуіржан Күлжанов ІІ орынға, Жұмабек Тәшенев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әйгерім Хамитова III орынға ие болды.

– Мен өзім мұғалімдер әулетінен шықтым. Әкем де, анам да, әжем де ұстаз болды. Балам да мұғалім мамандығын меңгеруде. Мұғалім мамандығында балалармен жұмыс істеу ерекше шабыт сыйлайды. Қазіргі балаларға сабақ үйретіп қана қоймай, олардан көп нәрсе үйренуге болады. Оқушылармен араласа отырып, жаңа ой түйесің. Балалармен бір толқында болсақ, жақсы жетістіктерге жетеміз. Осыған талпынуымыз керек, — деді М.Жұмабеков.  Тәрбиешілердің білім беру саласына сіңірген еңбектері бағаланып,  «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі-2023»  қалалық байқауының жеңімпаздары – №8 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Жайнагүл Кабей І орын,  №10 сәбилер бақшасы «ZamanStar» білім беру-дамыту орталығының тәрбиешісі Әсем Балтабаева ІІ орын, №11 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Антонина Шайхина ІІІ орын иегері атанды.

– Қазіргі заманда білім саласына, оның ішінде оқушыларға талап жоғары. Қазіргі оқушылар заманауи, яғни технология мен ғылым дамыған заманға сәйкес білім алуы қажет. Олардың барлық қажеттіліктерін өтеу, ішкі сұраныстарын толыққанды қанағаттандыру – ұстаздарға қойылған талап, — дейді №40 мектептің директоры Қожагелді Мәуленқұлов. Жиын барысында «Жыл мұғалімі-2023» қалалық байқауының «Педагог-зерттеуші», «Шығар-машыл педагог», «Шеберлік шыңы», «Мамандыққа адалдық», «Шығармашыл педагог» аталымдары бойынша 40-қа жуық педагогтің еңбегі атап өтілді. Сондай-ақ «Әлеуметтік серіктес», «Спорттық жетістіктер», «Үздік менеджер»,  «Тағылымды тәлімгер», «Мейірімді жүрек» «Шабыт», «Өз ісінің шебері» аталымдары марапатталды. Мерекелік іс-шараға қатысу-шыларға дарынды педагог Жібек Айтбаева ән-шашуын арнап, қаланың білім беру ұйымдарының балалар көркемөнер ұжымдары мен педагогтарының концерттік бағдарламасын ұсынды.

 

Торғын ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.