Елімізде жастардың бизнес бастап, кәсібін кеңейтуге тиімді тетіктер қарастырылған. Солардың бірі – небары 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін шағын несие. Оны мал шаруашылығы, сауда-саттық, қызмет көрсету салаларында жеке істі дөңгелету мақсатында алуға болады.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға жалпы сомасы 5 млн теңгеге дейін жететін шағын несие береді. Оның тиімділігі сол, жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен. Қарызды 2,5 пайыздық үстемеақымен қайтарады. Сонымен қатар, егер несие кәсіптің кез келген түрін бастауға берілетін болса, 5 жылға ресімделеді. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін қарызды 7 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Шағын несиені алушыларға негізгі қарыз бен сыйақы бойынша жеңілдікті кезең қарастырылғанын да атап өткен жөн. Мұндай тиімді тетік 21-35 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Бұл ретте олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы шарт. Әрине, кез келген несиені алатын кезде банкке кепілдік болар затты қою керек. Көп жағдайда дәл осы талап кейбір жастардың жолын байлайтын еді. Себебі бизнесін бастауға ниетті тұрғындардың бәрінде бірдей жылжымайтын мүлкі, жері жоқ. Аталмыш мәселе ескеріліп, таяуда бағдарламаның талаптары өзгертілді. Атап айтқанда, кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Енді екінші деңгейлі банктердегі шоттардағы қаржы, ауыл, аудан-қалалардағы баспаналар, жер учаскелері, мамандандырылған техника да кепілзат бола алады. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні, яғни ата-аналардың, туыстардың, басқа да жақын-жұрағаттың көмегіне жүгінуге мүмкіндік берілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мәліметінше, осы уақытқа дейін шағын несие алуға 7,3 мың өтінім түсті. Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 205 жоба мақұлданып, оның ішінде 4 554 жобаны іске асыруға кредит берілді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтиды. Арнайы комиссияның отырысында өтініш берушілер өз жобаларын таныстырады. Соның ішінде экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар жобаларға комиссияның шешімі негізінде қаржы беріледі. Қазіргі уақытта өтініштер қабылдау жалғасуда. Облыс жастары бұл оңтайлы жолды қалт жібермегені жөн.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.