Жиһаз жасайтын үлкенді-кішілі цехтар арасынан ерекшеленіп, бәсекелестерді баса озу оңай шаруа емес. Әрдайым ізденіс, өнім сапасын жақсартудың жолын қарастыру арқылы ғана өзгелерден асып түсе алады. «Рубин» жеке кәсіпкерлігінің басшылығы осы қағиданы мықтап ұстанады.

Бірақ, мемлекеттің қолдауынсыз қарыштап даму да қиынға соғатынын сезген аталмыш кәсіпкерлік иесі Любовь Погоржельская екі жыл бұрын «Даму» кәсіп-
керлікті дамыту қорының жәрдеміне жүгінеді. Нақтысы, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында көмек алды.

— 2015 жылдан бері жиһаз жасау кәсібімен айналысамыз. Спорттағы мансабымды тәмамдаған соң күйеуіммен бірге іс бастауды жөн көрдік. Корпустық жиһаз өндірісін қолға алдық. Ылғи цехқа қажетті орын жалдаумен келдік. Табыстың біраз бөлігі жалға алу құнына жұмсалады. Сондықтан жекеменшік ғимарат болса деген арманмен «Даму» қорына келдік. Бір жарым ай ішінде өтініміміз мақұлданып, қаражат қолымызға түсті, — дейді мемлекет қолдауына риза Любовь Погоржельская. Ол жеке ғимарат сатып алу үшін 2021 жылы жылдық мөлшерлемесі 15,25 пайызды құрайтын 55 млн теңге несие алған. Бұл мөлшерлеменің 9,25 пайызын мемлекет төлейді. Сонда кәсіпкер бес жылға алған несиесін небары 6 пайызбен өтеуде. Мұндай көлемді қаражат алу үшін кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жетпеді. Осы ретте де кәсіпкерлікті қолдау қоры қол ұшын созды. Яғни, қаржыландырудың 46 пайызына ішінара кепілдік берді. Бүгінде кәсіпорын корпустық жиһаз шығарады. Нақтысы, ас бөлмесі, жатын бөлме, балалардың бөлмелеріне арналған жиһаздың түр-тірін өндіреді. Сонымен қатар, мектеп, спорт мекемелеріне арналған жиһазды да жылдам жасауға дағдыланған. Тапсырыс беріп, өз қалауыңызша жасата аласыз. Сондай-ақ, Павлодар қаласында екі сауда үйіндегі бутиктерінен дайын өнімдерін сатып алуға болады. Өнімдері өңіріміздің қала-аудандарынан бөлек, Астана нарығында да сұранысқа ие.

— Біз сапаға мән береміз. Бәсекелестер аз емес. Сондықтан әу бастан біз өнімнің, қолданылатын материалдың сапасына көңіл бөлдік. Арзанқол заттарды қолданбаймыз. Материалдарды Ресейден, Италиядан аламыз. Жиһаздардың ұзақ жыл тұрғындарға қызмет етуі үшін түркиялық станок алдық. Бұл құрылғы арқылы қолданылатын материалдардың жиектері толық өңделеді. Яғни, ылғал тигенде ісініп кетпеуіне кепілдік бар. Бірегей станокқа өзге кәсіпкерлер де өнімдерін әкеліп, өңдеп алады, — дейді кәсіпкер. Л.Погоржельская мамандар тапшылығын алға тартты. Бүгінде кәсіпорында 20 шақты адам еңбек етеді. Олар әр тапсырыс құнының 15 пайызы көлемінде ақы алады. Көбінде жиһаз құрастырушы маман қат көрінеді. Дегенмен, мәселені шешу үшін кейде тәжірибесі жоқ азаматтарды оқытып, үйретеді. Бірақ, оларға қымбат бұйымдарды жасауды сеніп тапсырмайтынын да жасырмады. Себебі, тапсырыс берушінің көңілінен шығып, оның тұрақты клиентіне айналуына күш салады. Мұнда жылына ірілі-ұсақты 150-ден астам тапсырыс түседі. Ас бөлмесіне арналған жиһазға сұраныс жоғары екен. Кәсіпкер жиһаз нарығындағы соңғы жаңашылдықтардан қалмауға тырысады. Оның айтуынша, кейінгі уақытта адамдар барынша қарапайым болғанын қалайды. Ақ, сұр және ағаш түсті реңдерге басымдық беріледі. Клиенттер жууда, шаң сүртуде барынша ыңғайлы болғанын алға тартатын көрінеді. Соңғы бірнеше жылда жиһаз-
дың құны 40 пайызға артқан. Фурнитура, жиһаздың қасбеттері шетелден жеткізіледі. Енді бизнесмен Италиядан алғызатын ас бөлме қасбеттерін өзі жасап шығаруды мақсат етуде. Ол үшін вакуумдық станок сатып алу керек. Бұл ретте тағы да мемлекеттік бағдарламаларға жүгінуге ниетті. Сонымен қатар, жиһаз жеткізетін көлікті де «Даму» қорының қолдауымен алуды көздеп отыр.

Бетті әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.