«…Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет… Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қарызсыз қоғам» жобасының менторлары мен кеңесшілері аракідік  аялдап, құжаттарын, есебін реттейтін өңіріміздегі кеңсесіне арнайы бардық. Мақсатымыз жобаның қазіргі барысынан ақпарат алу еді. Бірден заңгер Зарина Әділованың алдында отырған, қос жанарына жас келген, жүзінен шарасыздық лебі ескен әйелге көзіміз түсті. Әңгімесіне біз де құлақ астық. Мәселесіне үңіліп көрдік. Бірнеше жылдан бері қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген жанның жанайқайын тыңдадық. Мәселе былай екен…

 

Бір тиыны да қолына тимеген

Аты-жөнін жариялаудан бас тартқан әйел Ақсуға қарасты ауылдардың бірінен келіпті. Күйеуі 2014 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, 2015 жылы ірі қара мал сатып алады. Енді өсіріп, өнімін көремін деп отырғанда ауылдарында бруцеллез дерті анықталып, карантинге жабылады. Бүкіл алған малы ауру деп танылады. Бұл жөнінде қордың қызметкерлерін хабардар етеді. Ондағы мамандар малдың аурудан қырылғанын растайтын анықтама талап етеді. Содан соң малды есептен шығарып, базадан алып тастайтындарын, қолына бұл жөнінде анықтама табыстайтындарын мәлімдеген. Мәселе осымен шешіледі деп сенген кәсіпкер 2019 жылдың желтоқсанында өтініш жазып кетеді. Араға айлар салып барса, мекеме қызметкерлері пандемияға байланысты үйден қызмет етуге көшкен. Нақты қайда екенін таппай қалады. Кейін барса, аталмыш қолдау қоры Агронесиелік корпорация құрамына кіріп кеткенін біледі. Сөйтіп, малын есептен шығару жөніндегі анықтамаға қол жеткізе алмайды. Уақыт өте береді. Ақыры, несиесін төлей алмай, қарызы жеке сот орындаушылардың қолына кетеді. Содан бері бірнеше сот отырысы болған. Оның біріне де ауылдық азамат шақырылмаған. Ылғи шешім сырттай шығарыла берген. Ол азамат 2007 жылы аварияға түскендіктен, денсаулығына байланысты біраз уақыт еңбекке араласа алмайды. Ал 2021 жылы ауылдық медициналық пунктке көлік жүргізуші болып қызметке тұрады. Алғашқы жалақысын аламын деп жүргенде шоты толық бұғатталғанын, қолына бір тиын да тимейтінін білген. Осылай екі жыл бойы еңбек еткенімен, ақшасын ала алмайды. Әйтеуір, зейнетке шығарда бір кәдеге жарар, зейнетақылық жарнасы аударыла берсін деген ниетпен жұмысын жалғастыра береді. Дәл осы жерде заңсыздық бар, дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының облыстағы заңгері Зарина Қалдыбекқызы.

— Заң бойынша азаматтардың шоты бұғатталғанда, еңбекақысын 100 пайыз ұстап қалу – заңсыз әрекет. Елу пайызын ғана ұстап қалуға рұқсат бар. Сондықтан алдыма келген клиент «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5 күн оқып, қолына сертификат алған соң жағдайды толық зерделеп, қай тұста қателіктер кетіп жатқанын анықтаймыз. Егер бұл азаматтың айтқаны рас, жалақысы толық ұсталып жатқаны анықталса, біз заң жүзінде бәрін дәлелдеп, екі жыл бойы ұсталған қаржының елу пайызын қайтарып беруге қауқарлымыз. Соған әрекет етеміз. Жалпы, мұндай жағдай практикада бар, — дейді заңгер Зарина Әділова.

 

Дікеңдеуге дайын тұрады

Заңгердің айтуынша, қарапайым халықтың заңды білмеуін, қаржылық сауатсыздығын жеке сот орындаушылары, коллекторлық, шағын несие ұйымдарының қызметкерлері пайдаланып, қоқан-лоққы көрсетуге бейім екені күнделікті жұмыста жиі кездесетінін айтады.

— Күйеуінің мәселесімен келген бұл әйелдің де сот орындаушыдан
мардымды жауап ала алмағанын көріп отырмыз. Жалпы, байқағанымыз, сот орындаушыларының 90 пайызымен тікелей байланысу мүмкін емес, шетінен дікеңдеп тұрады. Негізінен, шотты бұғаттауға байланысты сот шешімі шыққанда клиентті хабардар етуге сот орындаушылары міндетті. Бірақ, көп жағдайда бұл талап орындалмайды. Тұрғындар әбден айлығын алар кезде шотына шектеу қойылғанын біліп отырады. Міне, осы заңсыздықпен қоғам боп күресуіміз керек, — дейді заңгер.

Әлгі әйел күйеуінің апаттан кейін жарамсыз болып қалған «Москвич» маркалы көлігін жолдасы ауруханада жатқанда дәрі-дәрмегін алып беру үшін темірге тапсырып жіберген. Ал көлік базадан шықпай қалған. Былтыр банкроттық жариялап, мәселесін осы жолмен шешуге ұмтылған ауылдық азамат көлік салығының болуынан жеке кәсіпкерлігін жаба алмаған. Оның салықты төлеп, банкроттық жариялауға деген ұмтылысына тағы да жеке сот орындаушысы тосқауыл болыпты.

Бұл жерде тағы бір мәселенің барын заңгер маман айтып берді. Яғни, тұрғындар ашық дерек көзінен жеке басының сәйкестендіру нөмірін теру арқылы өзінің борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексере алатынынан хабарсыз, дейді. Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан борышкерлер тізілімінен өзін зідеп көруге болады. Бәлкім, біздің кейіпкер ертерек тексеріп жүрген болса, қазіргідей шырмауға кірмес еді.  Енді, «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы жәрдем сұрай келген әйелге менторлар, бизнес жаттықтырушылар қаржылық сауаттылық тұрғысында білім берсе, заңгер несиеге қатысты мәселесін шешуге тегін көмек береді. Алдымен, заңгер сот орындаушысынан, банктерден барлық құжаттарын сұратпақ. Еңбекақысы аударылатын банктен, банкке айлығын жіберетін есепшіден анықтамалар алынады. Яғни, мал өсіріп, нәпақа табамын деп тығырыққа тірелген азаматтың еңбекақысы қай тұста заңсыз ұсталып келгені, әу баста қай жерде қателік кеткені егжей-тегжейлі тексерілмек. Содан кейін заңгер ары қарай жасалатын әрбір әрекетті тізбектеп береді. Бұл мәселе айлап шешілетінін де ескертті.

 

Шағын несиеден шаршаған

Павлодар қаласының тұрғыны Арнагүлдің (есімі өзгертілді өтініші бойынша) бір басында 7 шағын несие бар. Айтуынша, бір жақыны онлайн несие рәсімдеп тастаған. Ондай қарызы барын әпкесіне шағын несие ұйымдары хабарласып, мазасын ала бастағанда ғана білген көрінеді. Пайызы күн санап өсетін мұндай қарыздан бірден құтылмасын білген ол жан-жақтан көмек іздей бастайды. Елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқып, заңгердің тегін көмегін алуға болатынын біліп, бес күндік курстан өтіп, сертификат алған.

— Шыны керек, несие жаба алмай отырған адамда заңгердің қызмет ақысын төлеу қайдан мүмкін дейсіз. Бір кеңес алуының өзі 5-10 мың теңге төңірегінде. Сондықтан, өз күшімен әрекет етпек боламыз. Бірақ, нәтижесіз. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша мұндай заңгерлік көмек тегін беріліп отыр. Соны пайдаландым. Зарина Қалдыбекқызы, әрбір шағын несие ұйымына хат жолдап, қандай қадам жасау керектігін онлайн түрде кеңес беріп отырды. Бүгінде әрбір несиеге жеке төлем жасау кестесі құрылды. Бір ұйым толық төлесем, өсімпұлын алып тастауға келісімін берді. Кейбірін өтеп, жеңілдеп жатырмын. Әйтпесе, күнделікті қоңырау, қоқан-лоққыдан ұйқы қашып кеткен еді. Былай қарасаң мұндай телефон қоңыраулары, қорқытып-үркіту — жүйкесі жұқа адамға ауыр соққы, тіпті, қайғылы оқиғаға итермелеуі мүмкін. Сондықтан, сауатымызды арттырып, сақ болғанымыз абзал екенін ұғынып отырмын. Жобаға қатысып, өзге адамдар да сауатын ашса деп тілеймін, — дейді Арнагүл есімді әйел.

Соңғы уақытта қарызды қарызбен жабатындар көбейген. Несие өтеу уақыты жеткенде оған шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, кейін оны да келесі несиемен жабуға бейімделіп алған. Осындай «әдіспен» 18 несиесі бар азамат та «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында заңгердің тегін көмегіне жүгініпті. Барлық берешегінің сомасы 6 млн теңгеден асып кетіпті. Заңгер барлық қарызына талдау жасап, екі айдан астам уақыт осы іспен айналысуда. Мәселесі біртіндеп реттеліп қалыпты. Кейбір ұйымдар қайта төлем кестесін жасаудан бас тартатын көрінеді. Мұндайда қайтадан хат жолдап, басқа жолын іздестіреді. Әлбетте, азаматтар алған қарызын өтеуге міндетті. Тек оны қайтару кестесін мамандар жүйелеуге қол ұшын береді.

 

Сауатын ашуға асығуда

Естеріңізге сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы аймағымызда биыл ақпан айында басталды. Бастама бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылуда және «AMANAT» партиясы мен ҚР Үкіметі бірлесіп, іске асыруда. Жобаның облыстағы менторы, барлық ұйымдастырушылық, оқыту
жұмыстарымен шапқылап жүретін Жанат Батырачинаның айтуынша, жыл соңына дейін 6500 азаматтың қаржылық сауатын арттыру көзделген. Қазіргі таңда 2500-ге жуық адам білім алған. Әлі де жалғасуда. Кестеге сәйкес мамандар әр аудан-қаланы аралауда. Қазіргі таңда оқу Ақсу қаласында, Ертіс ауданында, Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Шарбақты ауданында жүріп жатыр.

— Бизнес жаттықтырушыларымыз аудан-ауылдарды аралап,
тұрғындарды қаржылық сауаттылыққа үйретуде. Ақшаны үнемдеу, жинау, еселеу жолдары түсіндіріледі. Несие алудың да жөні барын оқытамыз. Яғни, несиенің келісімшартының қай тұсына мән беру керек, пайызының қанша екеніне маңыз беру қажеттігін ашып айтамыз. Осылайша, тұрғындар қарыз алуда да сақтық керектігін түсінеді. Ал заңгерлік көмек керек азаматтарға заңгеріміз жан-жақты жәрдем береді. Айлап, мәселесі шешілгенге дейін қолдау, сүйемелдейді, — дейді ментор Жанат Ерболатқызы.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта алаяқтарға алданғандар, онлайн несиелерге шырмалғандар қатары артқан. Заңгер Зарина Қалдыбекқызы 100-ден аса адамға көмек көрсетілсе, соның 30-дан астамы кеңес алса, 20 азаматтың ісі аяғына дейін жеткізіліп, шешімін тапқан. Қалғандарымен күнделікті кері байланыс бар. Әлі де хат алмасу, қаржылық ұйымдардан құжат сұрату, хат жолдау, жауап алу сынды жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Заңгердің көмегіне жүгінгендердің 80-90 пайызының мәселесі банктерден алған несиелерге, сот орындаушылары мен коллекторлардың заңсыз әрекетіне қатысты екен.

 

Түйін:

Біз заңгердің алдында кездестірген әйелдің «әйтеуір, бір қолдау таптым-ау» деген кейпін көріп, «Қарызсыз қоғам» жобасының бекер еместігін ұғындық. Мамандардың келтірген мәліметтеріне қарап та, қаншама адамның қордаланған түйткілі тарқай бастағанынан бастаманың берері көп екенін байқадық. Ал қаржылық сауатын ашқандар пайызы алатын қарызынан асатын несиелерден аулақ жүреді деген үміттеміз. Қоғам сауатты болса, негізсіз қарыз да, заңсыздық та азаяры анық. 

Гүлжайна  ТҮГЕЛБАЙ.