Closeup of businesswoman hands, working in office room

Келесі жылдың алғашқы күнінен бастап декларацияның үшінші кезеңі басталмақ. Оған заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен жеке кәсіпкерлер кіреді. Сондай-ақ, олардың жұбайлары да тапсыруға міндетті.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауды қолдану салық базасының кеңеюіне және бюджетке түсетін түсімдердің өсуіне әсер етеді. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарын айқындауға және мемлекеттік қолдау саясатын саралап құруға мүмкіндік береді.

— Кәсіпкерлердің активтері мен міндеттемелерін жариялауға санаулы күндер қалды. Декларацияға жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және олардың жұбайлары енеді. Бұл — көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мемлекеттік бақылау әдістерінің бірі, — деп атап өтті ол. Декларация тапсыру кезінде құны 3,5 млн теңгеден асатын шетелдік активтер есепке алынады. Оларға тұрғын үй, көлік, шетел банктеріндегі шоттағы қаржы жатады. Елімізде 34,5 млн теңгеден асатын тұрғын үй құрылысындағы үлестер, цифрлық активтер, авторлық құқықтар да декларациялануға енгізіледі. Есептер келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін қабылданады. Оларды Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы немесе қағаз түрінде беруге болады. Декларацияны толтырмаған жағдайда алдымен ескерту жасалады. Ал елемесе, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мәліметтерді толық ұсынбағаны үшін – ескерту, содан кейін 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Айта кетейік, Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін жалпыға бірдей декларациялау басталды. Бірінші кезеңде облыста 17 мың адам, екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың 88 мың өкілі қамтылды. Ал 2024 жылы 160 мыңға жуық бизнесменді қосады деп күтілуде.

 Айдана БОРАНБАЕВА.