Елімізде жанар-жағармай қымбаттаған тұста кейбір көлік иелері темір тұлпарларын газға ауыстырды. Күн сайын бір литрі 200 теңгеден асып жығылатын бензинді алғаннан литрі 75 теңге көлеміндегі газды құйған әлдеқайда тиімді көрінеді. Былайша айтқанда, қаржының біраз бөлігі қалтада қалады. Алайда келесі жылдан бастап сұйытылған мұнай газының бағасы да өседі. Оған қоса, көліктерге газ баллон құралдарын орнатуға шектеу қойылуы мүмкін.

Газ құйған тиімді ме?

Жалпы, елімізде жыл санап көлік құралдарының қатары көбейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Соңғы деректер бойынша Қазақстандағы темір тұлпарлардың саны 5 миллионнан асып жығылады. Атап айтқанда, 5 млн 15 мың техника бар. Оның ішінде біздің өңірде 186 230 көлік тіркеуде тұр. Соңғы уақытта кейбір отбасыларда бір емес, бірнеше автомобильдің барын көріп жүрміз. Бұл қалыпты жағдайға айналды. Олардың саны артқан сайын отбасылық қазынаға  түсетін салмақ та көбейеді. Айталық, бір жүргізуші аптасына орта есеппен 40 литр жанармай алатын болса, 8 мың теңге төлеуі тиіс. Апта сайын осындай сомаға бензин алу кей тұрғынның қалтасын қағады. Сондықтан темір тұлпар тізгіндегендер тиімді жолды іздейді. Соның бірі – көлікке газ құралдарын орнату. Облыс орталығындағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының бірқатарына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап көрдік. Мұнда көліктерді газ жүйесіне ауыс-тырудың бағасы 220 мың теңгеден басталып, 250-260 мың теңгеге дейін жетеді. Несиеге ресімдеу, бөліп-төлеу сынды қызметтер жоқ. Тиісті қондыр-ғыларды бір күннің дересінде қойып берген соң қолма-қол ақшамен есеп айырысу керек. Есесіне, орталық қызметкерлері қайта тіркеуден өтуге қажет құжаттардың толық пакетін ұсынуға әзір екендік-терін айтады. Кей жүргізушілер күн сайын, апта сайын жанармайға ақша шығарып шығындалғанша, бір рет газ-баллон құралдарын орнатып, кейін қаржы үнемдеген абзал деген пікірде. Мәселен, облыс орталығы мен Екібастұз қаласының арасында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушісі Әсет Аманбеков осыдан бір жыл бұрын көлігін газға ауыстырғанын айтады.

– Шыны керек, бұған дейін АИ-92 маркалы жанармай құйып, жеке көлігіммен екі қала арасында тұрғындарды жеткізіп жүргенімде қалтама артық ақша түсетін. Себебі жолау-
шылардан алған ақымның біраз бөлігі жанармай алуға кетеді. Техниканы жөндеу, дөңгелегін ауыстыру сияқты шығындары да бар. Бір жыл бұрын газ құралдарын қойған соң кірісім еселенді. Мәселен, бұған дейін облыс орталығына тұрғындарды апарып, алып келу үшін 40-50 литр бензин құятынмын. Бұл – 8-10 мың теңге. Газға ауысқалы екі қала арасында қатынауға 30-40 литрін алатын болдым. Оған шамамен 2500-3000 теңге жұмсаймын. Яғни, қаржы жағынан айтарлықтай үнемдеймін. Сондықтан осындай құралдарды орнатқан тиімді деп ойлаймын, – дейді ол. Ал кейбір жүргізушілер оны құптай қоймайды. Айтуларынша, отыннан үнемдеген пайда кейін «желкеңнен шығады».

– Негізі, техникалардың барлығына дерлік арнайы қондырғыларды қоюға болады. Алайда олардың барлығы бірдей мұндай жүйеге шыдас бермейді. Мәселен, мен көлігіме газ баллон құралын орнатып, бір жылдай жүрдім. Есесіне оның моторы жарамай қалды. Жарты миллион теңгеге жаңасын алуға тура келді. Бір жыл бойы бензиннің орнына газ алып, қалтама басып жүрген азын-аулақ ақшадан бірнеше есе көп шығын шығардым. Сондықтан егер техника зауытта дайындалғанда онда газ жүйесі қарастырылмаса, өздігінен орнатқанның пайдасы жоқ дер едім, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әбілмансұр Мұхтарұлы.

Бірқатар өзгеріс енгізілмек

Байқағанымыздай, темір тұлпар тізгіндегендердің бір тобы газ қондырғыларын қоюды оңтайлы шешім ретінде қарастырса, енді бірі оның салдары да болуы мүмкін екенін алға тартады. Дей тұрғанмен, қаржылық тұрғыдан газ сатып алған әлдеқайда тиімді екені анық. Жүргізушілер жиі алатын АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің шекті бағасы 205 теңге болса, сұйытылған газдың литрі 75 теңгеден аспайды. Бұл – мемлекет белгілеген шекті баға. Одан асырып сатқандар айыппұл арқалайтынын еске салған жөн. Қалтаның қамын ойласақ, әрине шамамен үш есеге арзан сұйытылған газды алғанның «жарасы жеңіл». Бір жылдың ішінде 300 мың автомобильдің иесі осы жүйені таңдауы сөзімізге айғақ бола алады. Сәйкесінше, кейінгі жылдары оны тұтыну көлемі де күрт арта түсті. Айталық, нарықта бір айда 140-145 мың тонна көлемінде сұйытылған отын тұтынылса, отандық зауыттар оның тек 130-135 мың тоннасымен қамти алады. Яғни, шамамен 10 мың тонна газ тапшы болуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алып, реттеу үшін Үкімет бірқатар шараны қолға алмақ.

– Қазіргі уақытта өндірістің көлемі көлік иелерінің сұранысын өтей алмай отырғаны рас. Сол себепті, бірқатар шара қабылдадық. «Теңізшевройл» компаниясымен ішкі нарыққа ай сайын 10 мың тонна газ жеткізуге уағдаластық. Осыдан 10 күн бұрын сұйытылған мұнай газының экспортына толық шектеу енгіздік. Бұдан былай отынның бұл түрі шекараның арғы жағына емін-еркін сатылмайтын болды. Есесіне «КазРосГаз» компаниясымен Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бағыттау туралы келістік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде дәл осы таңда газ тапшылығы байқалмайды, – дейді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов. Тағы бір шара – келесі жылдан бастап сұйытылған газдың қымбаттауы. Энергетика министрлігі өнімнің бұл түрінің бағасын біртіндеп көтеруді көздеп отыр. Келесі жылдың бірінші тоқсанында оның бір литріне 5 теңге қосылады. Осылайша, әр жарты жыл сайын баға еселене түседі. Мұндай өзгеріс алдағы үш жылды қамтиды.

– Бұл – газ зауыттарын жаңғырту үшін қажет шара. Сол арқылы өндіріс көлемін арттырамыз және сұранысты толық жабамыз. Сондай-ақ, газ өндіретін кәсіпорындар шығынсыз жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады, – дейді министр орынбасары. Бастысы, бұдан былай көліктерге газ құралдарын қоюға шектеу салынуы ықтимал. Тұтынушы көлемін қысқарту үшін ведомство басшылығы газ құрылғыларын бақылауға алуға бейілді.

– Бірден айтайын, газ құралдарына толығымен шектеу салынбайды. Иә, бүгінде қайта жабдықтауға ешқандай тыйым жоқ. Кез келген адам көлігіне тиісті жүйені орната алады. Техникалық қызмет көрсету орталықтары да бұл жұмысты атқарып береді. Бірақ тұтыну көлемін азайту, қауіпсіздікті қадағалау үшін министрлік осы саланы реттеудің түрлі нұсқасын қарастыруда. Газбен жүру арзан болғанымен, қауіпті. Баллондар жарылып, өрт шығуы мүмкін. Сондықтан жабдықтың сапасын, кім және қайда орнатқанын тексеруді ойластырып отырмыз. Мүмкін мұндай қондырғыларды қоятын компанияларға лицензия беруді енгізетін шығармыз, – дейді вице-министр. Қалай болғанда да алдағы уақытта көлікті сұйытылған газ арқылы жүргізудің шығыны да, машақаты да көп болатын сыңайлы. Сондықтан әліптің артын бағып, өзгерістерді күткен абзал. Ақша үнемдеудің жолын іздеген тұста керісінше шығынға батпасаңыз болғаны.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген –  Есенжол Исабек.